Достық көрмесінің келбеті

1768

0

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңызы ерекше екенін естен шығармауымыз қажет.

Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпыхалықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесімділікпен сіңісе білді.

Бұған дәлел көп. Қазір әлеуметтік желілерде қазақша ән салып, мақалдап сөйлеп, ақыл айтып отыратын отандастарымыз бар. Мемлекетттік тіл менің тілім деп есептейтін өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Оларды көрмей кету орынсыз.

Қоғамдық институт ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі идеясы жалпы этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыру, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ету болды. Сондықтан оны кейбіреулердің ойындағыдай жаңа Қазақстан жағдайында тез ескіріп қалған құрылымдар қатарына ысырып тастауға болмайды. Бізге оның құндылығы керек. Ал, қызметі қоғамда қалай жүзеге асты, бұл – өз алдына бір әңгіме.  

Қазақстанның бірлігі күні балабақшалардан бастап оқу орындарында, кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарда аталып өтіледі. Мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген қазақ, әр істі бастарда бірігіп, келелі кеңес өткізген. Тіпті, той мен асты да елдің ауызбірлігіне пайдалана білген.

Қазақтың ең басты ұлттық қасиеттерінің бірі – қонақжайлылық. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп бұрынғылар кез келген қонақты күтуге жылы-жұмсағын сақтап, дайын отырған. «Сүр ет» дегеніміз осы қағидаттан шыққан, күтіп отырғаны жоқ болса да, қонақ келіп қалар деп етін жемей, сүрлеп қоятын болған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп қуанған. Қонақ сөзіне Құдайдың атын қосып, «Құдайықонақ» деген.

Халқымыз қонағын қорғаған, оның кемшілігін көрмеген. Үйіне келген адамның бұйымтайын сұрамаған. «Кімсіз, не іздеп жүрсіз?» деп сұрамаған.

Ертеде бір қылмысты адам қашып жүріп, бір алыс ауылдың шеткі үйіне түсіп, «Құдайы қонақпын» депті. Бұл үйде сол қылмыстыны іздеуге арнайы шығарылған жасақтың бір сарбазы тұрады екен. Ол қылмыскерді бірден танығанын айтыпты. Тұтылғаным осы деп қонағы қолын кісен салуға созады. «Құдайы қонағының қолын байлаған қай атаңды көріп едің?» – деп үй иесі таңертең өзге сарбаздармен бірге әдеттегідей қылмыстыны іздеуге аттанып кетіпті.

Осы оқиғаның өзі қазақтың даналығын, қайырымды, кешірімді сипаттарын танытады. Ұлы халқымыз сол сипатымен жерімізге азып-тозып келген қаншама өзге ұлт адамдарына үстіндегі жауып, қолындағыны бөліп берген.

Мұның бәрі ынтымақшыл ыстық пейіл иесіне ғана тән.

«Ырыс, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген аталарымыз ынтымақ бірліксіз, тірліктің бос екенін баяғыдан білген. Қонақты сыйлау, оның қақысы атақты «Жеті жарғыда» да айтылған, халқымыз мұндай құндылықтарды сонау VІ ғасырдағы түркілік дәуірде-ақ қалыптастырған.  

Ендеше, бірлік мерекесі халқымыздың аманат дәстүрін сақтап, ұрпаққа жеткізудің бір жолы деп айта аламыз.

Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.

Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. 

Алғыс айту күні осы мерекенің заңды жалғасы. Ол – ең алдымен еліміздегі тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына қатысты мереке.

Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этностың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына бас иіп, тағзым етуінің бір белгісі.

Тағдыр тәлкегі демекші, қазақ елінің тарихына үңіле қалсаңыз осы күнге қалай жеткенбіз деп жаның шошынады. Жұбан ақынның «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» сөзін көкірекке басып күрсінесіз. 

ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныс аудару ісі қолға алынған. Бұл шаралар содан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келген.

Мысалы, қазақ жерінің батысындағы Орынбор қазақтары облысында, Бөкей Ордасында, Орал казак әскерінде қазақтардан басқа – орыстар, татарлар, қалмақтар, армяндар, башқұрттар, түркімендер, өзбектер, еврейлер өмір сүрді. Ал, Сібір қазақтары облысында, яғни, Қазақ жерінің солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық аумақтарында – орыстар, поляктар, татарлар, башқұрттар, өзбектер, қырғыздар және т.б. қоныстанды. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан аумағына орыстар арасындағы ескі әдет-ғұрыпты ұстанушылар (старообрядцы) патша үкіметі мен шіркеу тарапынан жасалған әкімшілік және діни тұрғыда жасалған қысымнан бас сауғалап, сонау XVIII ғасырдың 60-жылдарында-ақ қоныстанған.

1917 жылы Қазақстанда тұрып жатқан халықтың ішіндегі қазақтардың үлес салмағы 59,8%-ті құрады. Қазақстанның алты облысындағы 1897-1917 жылдар аралығында Ресейден басқа аймақтарға қоныс аударғандардың төрттен бірі Қазақ жеріне келді. Ал, 1906-1912 жылдары жүргізілген Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде 360,7 мың қоныс аударушылардың 80,6%-і Украинадан және 19,4%-і Ресейдің оңтүстігінен келді. Нәтижесінде 1917 жылы орыстар мен украиндар барлық халықтың 29,4%-ін, яғни, 1 млн 745 мың адамды құрады.

Қазақстан халқы құрамының көпұлтты болып қалыптасу үдерісі кеңестік дәуірде одан әрі күшейді. Оған алғышарт болған тарихи оқиғаларға мыналар жатты: индустрияландыру кезінде жаппай сипат алған миграциялық үдерістер, күштеп ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін науқандары, тұтас халықтарды күштеп қоныс аудару, Ұлы Отан соғысы кезіндегі бейбіт халықты эвакуациялау, тың және тыңайған жерлерді игеру және соғыстан кейін шикізаттық бағытта өндіріс орындарының дамуы.

Ал, енді сәл шегініс жасасақ, аштық пен қуғын-сүргіннен бас сауғалап 1 млн 300 мың адам Қазақстаннан тыс жерлерге кетуге мәжбүр болып, оның 616 мыңы қайтып оралмады. 200 мыңға жуық қазақ Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Түркия елдеріне асып кетті.

Сонымен бірге, Қазақ жеріне ұлттық белгі бойынша күштеп қоныс аударылғандар ағыны артты. 1931-1932 жылдары Солтүстік Кавказдан Қазақстан мен Орта Азияға 38 мың 104 отбасын қоныс аударып жіберді. 1930 жылы екінші жартысында «сенімсіз халықтар» деген сылтаумен батыс Украина мен батыс Белоруссия облыстарынан Қазақстан мен Кеңес Одағының басқа да аумақтарына поляк және неміс отбасылары  депортацияланды.

Күштеп қоныс аударудың қайғы-қасіреті өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпақ емес. Бұрын өмір сүрген жерлерінде олар барлық дүние-мүлкін тастауға мәжбүр болды.

Жүздеген мың «сенімсіз халықтарды» мал немесе тауар таситын вагондармен әкелді. Қоныстанушылар арасында эпидемиялық жұқпалы аурулар күшейіп кетті. Климаттық өзгеріс пен өте ауыр тұрмыстық жағдайлар қоныс аударушылар арасындағы өлімді көбейтіп жіберді. Бірақ депортациялық саясаттың қатал жағдайында олар аман қалып қана қоймай, Қазақ өлкесінен жаңа Отанын тапты, өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды, көпұлтты Қазақ жерінде өзіне лайықты орнын алды.

1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы Қазақстандағы этникалық өзгерістердің жаңа толқынына себепші болды. Соғыс жылдары республикаға Украина мен Орталық Ресейден 200-ден астам өндіріс орындары көшірілді. Олармен бірге қаншама адам қоныс аударылды.

Осы ағынның бәрін қазақ қабағын шытпай қарсы алды. Бір түйір дәнді екіге бөлді, бір қасық суды екі жұтты. Қанына біткен қонақшылдықты, «құдайықонаққа» деген сый-құрметті ұмытпады.

Бала күнінен қазақтың шапанын жамылып өскен өзге ұлт өкілдері қазақ болып кетті. Олар өзінің қаны мен тегін біліп тұрса да, ақырғы демінде мені қазақ деп жерлеңдер деген өсиет қалдырды. Бұл көркем әдебиеттен емес, өмірден алып айтып отырған мысалдарымыз.

Қу тірлікте пендешілікке барып, өзге ұлт өкілі тарапынан өзінің аузына ақ тосқан қазақтың сыйластығына сызат түсірген жағдайлар да кездескен. Ақылды қазақ олардың әрекетіне «жаман ұлт болмайды, жаман әдетке бой алдырған адам болады» деп баға берді.

Мінекей, қазақтың біз айтып өткендей, жақсылықтарын көрген өзге жұрт онымен санасты, осы халықпен тағдырлас, мүдделес екенін сезінді. Сондықтан да бір кезде «лаборатория» аталған Қазақстан бүгінде достық көрмесіне айналып, әлемге үлгі танытып отыр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<