Дүние дүрмек

455

0

Украиндықтарға қанша ақша қажет?

Украинадағы 7 млн-ға жуық адам соғыс салдарынан үйлерін тастап кеткен. БҰҰ гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының (UNOCHA) мәліметінше, 17,7 млн украиндық көмекке мұқтаж. Олардың 13,4 млн-ы әртүрлі операторлардан жалпы сомасы 2,9 млрд долларға көмек алған. Бұл жалпы қажеттіліктің 67 пайызын құрайды.

Бұған дейін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы соғыс салдарынан 82 елде миллиондаған адам аштықтан өлуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Рекордтық бағаға сатылды

АҚШ-тағы аукционда Toyota Mega Cruiser көлігі рекордтық бағаға сатылды. 1996 жылы шыққан, 91 000 шақырым жүрген көлік үшін жаңа иесі бұрын-соңды болмаған 310 000 доллар (148 миллион теңгеден астам) төледі.

Toyota Mega Cruiser – жапон армиясы мен арнайы қызметтеріне арналған үлкен рамалық жол талғамайтын көлік. Автокөлік 1995-2001 жылдар аралығында ішкі нарық үшін шығарылды. Жеке тұлғаларға тек 150 данасы ғана сатылған.

Катар айықтыру орындарын ашады

Катарда ішімдікке тыйым салынғанымен, биыл футболдан Әлем чемпионаты жанкүйерлеріне арнайы орындарда ішуге рұқсат етілді. Елде жанкүйерлердің айығуы үшін арнайы орындар да жасалады. Алкоголь сататын жерлер де ашылған. Бірақ қоғамдық орындарға мас күйде шығуға тыйым салынады. Тәртіп бұзушылар ұсталып, арнайы айықтыру пунктіне жіберіледі.

Катардағы Әлем чемпионаты 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді. Әлемдегі басты футбол турнирінің басталуына 37 күн қалғанда матчтарға билеттердің 95%-ы сатылып кеткен.

Жалған ақпарат таратқандар жазаланады

Түркия парламенті журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларын дезинформация үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік беретін заң қабылдады. Президент Режеп Тайып Ердоған ұсынған заң әлеуметтік желілер мен интернет-сайттарды пайдаланушылардың жеке деректерін беруге міндеттейді.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<