Дүние дүрмек

355

0

Қытайда қалалар жабылды

Қытайда коронавирустың қайта өршуіне байланысты елдің орталық және солтүстік-батыс бөлігіндегі қалаларға карантин жарияланды. 27 қазанда үшінші күн қатарынан бүкіл ел бойынша 1 000-нан астам жаңа COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелді.

Жыл басында Шанхайда қала толығымен жабылып, күніне ондаған мың жағдай анықталған еді. Сол кезбен салыстырғанда көрсеткіш аз болса да, бұл бүкіл ел бойынша қосымша шектеулер енгізуге жеткілікті.

Дағдарыстың пайдасы

Халықаралық энергетика агенттігі жаһандық энергетикалық дағдарыс әлемде жаңартылатын энергияға көшуді жеделдететінін мәлімдеді. Ресей-Украина қақтығысы әлемдік энергетика нарығын айтарлықтай өзгертті.

Адамзат тарихында қазба отынға сұраныс алғаш рет төмендеген. Енді мұнай-газ жетіспеушілігін баламалы энергия көздерімен толтыруға тура келеді. 2030 жылға қарай «жасыл» энергияға жаһандық инвестициялар қазіргіден екі есе артып, жылына екі триллион доллардан асады. Көмір тұтыну көлемі де алдағы бірнеше жылда айтарлықтай төмендейді. Ал, 2030 жылға қарай табиғи газға сұраныс тұрақтанып, мұнайды пайдалану 2035 жылға қарай өсуді тоқтатады.

Twitter-дің жаңа басшысы

Америкалық кәсіпкер, Tesla және SpaceX компанияларының бас директоры Илон Маск Twitter басшылығына келді.

CNBC телеарнасы хабарлағандай, бұрынғы басшылық – бас директор Параг Агравал мен қаржы директоры Нед Сегал компанияның Сан-Францискодағы бас кеңсесін босатты.

Ерекше кір жуғыш машина

Жапондық Science компаниясы адамдарға арналған кір жуғыш машина жасауды қолға алмақ. Алғашқы ультрадыбыстық ванна сонау 1970 жылы Осака көрмесінде жапондық Sanyo Electric брендімен ұсынылған еді.

Жаңа кір жуғыш машина толық автоматтандырылған. Ол адамды 15 минутта жуындырып, массаж жасап және кептіріп шығарады. Алғашқы үлгісі 2024 жылы жасалып, 2025 жылы көпшілікке көрсетіледі деп күтілуде.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<