Ел мүддесі ескерілген құжат

625

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы, халықтың тұрмысын жаңа сатыға көтеретін негізгі міндеттерді нақтылап берді. Елдің алдағы даму бағытын айқындайтын Жолдаудың тікелей көрсетілімін облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері, «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары, қоғам белсенділері мен жастар бірге тыңдады.

«Жастар ресурстық орталығында» көрсетілген тікелей эфирден соң «Рухани жаңғыру орталығы» басшысының орынбасары Сәулет Сахиев бұлеліміздің бұған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін негізгі бағдарламалық құжат екенін айтты. 

-Әр Жолдаудың өзіндік бағыты болатыны белгілі. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі пандемия жағдайындағы елдің даму қарқыны қандай болады, әсіресе экономика бағытында қандай жұмыстар ұйымдастырылуы керек деген мәселелерге басымдық берілді. Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің бірі ретінде экономикамыз қандай жағдайға қарамастан жоғары деңгейде дамуы қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы көптеген ұлттық компанияның шығынын тоқтатып, олардың негізгі жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты. Ауылшаруашылығына байланысты мәселелер барын, мал қорегін көбейтіп, жайылымдық жерлерді кеңейту қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, әлем назарын аударған Ауғанстан мәселесін де көтерді. Шынында, Орталық Азиядағы ең үлкен мәселердің бірі –Ауғанстанның қазіргі ахуалы. Ел Президенті түрлі сын-қатерлерге дайын болуымыз керегін, алдын ала түрлі сценарийлер қарастырып, қорғанысты күшейту керегін баса айтты. Қазір қай салада болмасын ІТ технологияның маңыздылығы артып келеді. Дамыған елдердің қатарында болу үшін ІТ саланы дамытып, жастарды көбірек тарту қажеттігін де атап өтті, – деді ол.

Ал, «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының  төрағасы Медет Жорабек Жолдаудың мемлекетімізді алға жетелейтін жаңа тарихи құжат екенін, негізгі салалар бойынша алдағы міндеттер баяндалғанын жеткізді. Кез келген саланы дамытуға жастардың да өзіндік үлес қосатыны белгілі. Сондықтан жастар ұйымының көшбасшысы төртінші онжылдыққа қадам басатын еліміздің болашақ мамандары қазіргі буын екенін атап өтіп, Жолдау аясында айтылған барлық басымдықтар бойынша жұмыс жасауға әзір екендіктерін баяндады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<