Ел жаңалықтары

318

0

Құпия құжаттар қолжетімді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия болған құжаттар енді барлық адамға қолжетімді. Алматыдағы Президент архивінде осы уақытқа дейін 600 мың құжат болса, екі жылда жаңадан 700 мың құжат қосылған.

– Бұл – мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі, − деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Қазір қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлінген.

Пилоттық режимде іске қосылады

Елімізде зорлық-зомбылық және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру жөніндегі кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен сарапшылардан тұратын жұмыс тобы бұл бағытта елде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, халықаралық тәжірибені де зерттеген.

Буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданған. 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істеуде. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс жасайды.

Жоба алдағы оқу жылынан бастап жүзеге асырылмақ.

«Көшпенділер ойындарының» ауқымы кеңейді

Астана әкімдігінің хабарлауынша, 8-14 қыркүйек аралығында өтетін «Көшпенділер ойындарына» 100-ден аса елдің төрт мыңға жуық өкілі қатыспақ. Қазірдің өзінде бұл ауқымды шараға 107 мемлекет қызығушылық танытқан.

Ойындарды өткізу үшін елорданың 6 негізгі спорттық инфрақұрылымы бекітілді: «Астана-Арена» стадионы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» қонақүй кешені, «Қазанат» ипподромы.

Мәдени бағдарламаның негізгі алаңы «Қазанат» ипподромына іргелес «Көшпенділер әлемі» этноауылы болады. Ойындарды ұйымдастыруға 1000-ға жуық ерікті қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<