Емханаға тіркелу науқаны аяқталуға жақын

818

0

15 қарашада бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын еркін таңдау науқаны аяқталады. Акция барысында аймақтың 14 мыңға жуық тұрғыны емханаларға тіркелген. Науқан 15 қыркүйекте басталды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

Қор филиалы директорының айтуынша, науқанға аймақтың 25 емханасы қатысуда, оның 14-і мемлекеттік, 11-і жекеменшік. 28 қазандағы мәлімет бойынша 13 915 адам өз таңдауын жасады. Олардың көпшілігі, яғни, 9 630 адам, мемлекеттік емханаларға, қалған 4 285 азамат жеке клиникаларға тіркелді. Былтыр науқан кезінде БМСК ұйымдарына өңірдің 14 мыңнан астам тұрғыны тіркелген, оның 12,5 мыңы мемлекеттік емханаларды таңдаған.

– Емхана  таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. БМСК ұйымына тіркелген пациент жергілікті дәрігердің қабылдауы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады. Тұрғын МӘМС жүйесінде  сақтандырылу мәртебесі болмаса да емханаға тіркелудің еркін таңдауын пайдаланғанымен, әрі қарай толыққанды жоспарлы медициналық көмектер алу үшін сақтандырылуы тиіс, – деді филиал директоры.

Тіркелуге болатын барлық емханалардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының https://fms.kz/kz/ сайтынан «Клиниканы таңдау» бөлімінен алуға болады.

Науқан кезінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұрын тіркелген БМСК ұйымынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<