«Ер төстігім» – бір төбе

1607

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Балалар жылына» орай «Ер Төстік» қойылымы сахналанды.

Халық ертегісінің негізінде сахналанған спектакль жас ұрпақты адал достыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелейді. Сондай-ақ, балалардың бойына махаббат, ізгілік секілді маңызды құндылықтарды сіңіруде ерекше рөл атқарады.

Спектакльдің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов. Режиссері – Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері Еркебұлан Қабдыл, қоюшы суретшісі – Нұркен Қалымбетов, музыкамен көркемдеген – Нұрсұлтан Төреәлі, хореографы – Аида Тасымбетова.

Ер Төстік – халық тіліне өте бай, қиял-ғажайып ертегілердің бірі. Сегіз ағасын іздеп шыққан Төстік ерлік сапарында жолында кездескен барлық кедергілерді достарының көмегімен жеңіп шығады. Жаңашыл идея мен ұлттық құндылықтарды байланыстыра білген режиссер балалардың ертегілер әлеміне сапар шегуіне мүмкіндік туғызды. Автордың мақсаты – жас ұрпақтың санасына досқа адалдықты, қайсарлықты, батырлықты дарыту. Қазіргі балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуде «Ер Төстік» секілді халық ертегісінің маңызы ерекше екені белгілі.

– Бұл ертегі кішкентай көрермендерге адам бойындағы мейірімділік, батылдық сынды қасиеттердің маңызды екенін көрсетеді. Достық пен әдептілікке деген сенім балалардың нағыз патриот болуына септігін тигізеді. Қазіргі балалар Бэтмен мен Өрмекші адамды жақсы біледі. Дегенмен бізде де шетелдік кейіпкерлерден кем түспейтін тіпті, олардан асып түсетін өз кейіпкерлеріміздің бар екенін ұғынуы тиіс, – деді қойылым режиссері Еркебұлан Қабдыл.

Ерекше сахналанған спектакльді бүлдіршіндер мен ата-аналар ықыласпен тамашалады. Балалардың бал-бұл жанған жүзінен ертегінің жоғары деңгейде қойылғанын білуге болады.

– Маған спектакль қатты ұнады. Кейіпкерлер өз рөлдерін тамаша сомдап шықты. Бұл ертегіні кітаптан оқыған едім. Сахнадан көзбен көрген керемет екен, – деді кішкентай көрермен Назерке Дарханқызы.

– Қойылым балаларға керемет тарту болды. Азаннан кешке дейін телефоннан көз алмайтын балғындар үшін сахналық қойылымның тәрбиелік мәні мол. Қазақтың төл туындыларын көріп өскен бала еліне жаны ашитын азаматқа айналады. Сол себепті шығармашылық топқа алғыс айтамын. Осындай мән-мағынасы бар дүниелер көп болсын деген ұсыныс білдіргім келеді, – деді ата-ана Анар Қайырбекқызы.

Шығармашылық топ осылайша көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ертегі кейіпкерлерін шынайы етіп көрсету кез келгеннің қолынан келмейді. Бұл – өнер ұжымының кәсіби шеберлігінің дәлелі. 

Ал, Сыр сахнасындағы спектакль поэтикалық драма жанрында сахналанды. Осы арқылы туған жерге, дос-бауыр, жақындарға деген адалдықты көрсетті. Бұл – буыны енді бекіп келе жатқан бүлдіршіндер үшін рухани азық. Жаңа Қазақстанның жас буын өкілдерін осындай рухани дүниелермен тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<