Есте қалған ескі сыр

824

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері белгілі қаламгер, республикалық «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлымен кездесу өткізді.

Болашақ журналист мамандығын таңдаған жас талаптарға жазушы өзінің студенттік шақтарынан естеліктер айтып берді.

– Сонау тоқсаныншы жылдары облыста екі-ақ газет жарық көретін. Әлеуметтік желі түсімізге кірмеген заман. Сол кезде біз «Үкілі үміт» деп аталатын қолжазба журналын шығардық. Оған студенттердің өлеңдері мен шағын әңгімелерін жарияладық.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1916 жылы мұндай қолжазба журналды Бейімбет Майлин шығарған екен. Ол «Садақ» деп аталған.

Мен бүгін өзіміз шығарған қолжазба журналдың 2-нөмірін университет музейіне тапсырмақ болып әкеліп отырмын, – деді Н.Саматұлы.

Әсерлі кеште филология ғылымдарының кандидаттары Әсия Алмауытова, Гүлмира Баялиева, гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Асыл Оразова, «Журналист» үйірмесінің жетекшісі, баспа ісінің магистрі, аға оқытушы Аягөз Әбдіразақова сөз сөйледі. Олар суденттердің шығармашылық жұмыстары туралы айта келіп, алдыңғы буыннан алар өнегенің жастардың өмір жолына қажет екенін жеткізді.

Журналистика мамандығының 3-курс студенті, жас талапкер Жамбыл Бақытәлі өлеңдерін оқыды.

Филолог ғалым Ғабит Тұяқбаев кездесу кешін қорытып,  тарихты жаңғыртып жүрген қаламгерге алғыс білдіріп, кездесудің тағылымына тоқталды. Алдағы кезеңде де шығармашылық өкілдері мен студенттердің кездесу кештері ұйымдастырылатынын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<