ИГІЛІГІ ОРТАҚ БИЗНЕС ОРТАЛЫҚ

348

0

Кеше көптен күткен кәсіпкерлік нысанның бірі – «Prima Park» бизнес-орталығының ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, барлық заманауи талаптарға сай орталық жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, биыл облыста кәсіпкерлікті қолдау жылы екендігіне тоқталып, шағын және орта бизнесті дамыту негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық базасы толықтырылатынын, бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттің өсуіне ықпал ететінін жеткізді. Ғимараттың техникалық сипаттамалары турасында нысанның бас құрылысшысы, «Орда Строй холдинг» ЖШС басшысы Мейрамбек Есенғожин тарқатып айтты.

Сәулеті келіскен нысан Қонаев пен Журба көшелерінің қиылысында, қалалық мәдениет және демалыс паркінің жанында орналасқан және «Асбол» ЖШС тікелей бастамасымен салынған. Серіктестік директоры Ғани Пірімжановтың айтуынша, жоба құны бір жарым миллиард теңгені құрайды. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы жеңілдетілген несие алған.

– Құрылыс төрт жылға созылды. Орталықтың жалпы ауданы шамамен он мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде жеті мыңға жуық шаршы метр кәсіпкерлердің кеңсе ғимараттары, қалған бөлігін 45 орындық қонақ үй алады. Жақын арада ирланд лаунж-бары ашылмақ. Сонымен қатар бизнес орталықта 30 адамға арналған шағын және 80 адамға арналған үлкен конференц зал бар. Үлкен залда қытай және ағылшын тілдеріне синхрондық аударма қарастырылған, – деді Ғ.Пірімжанов.

Серіктестік директоры жақында екінші деңгейлі екі банк кеңсесі осы бизнес орталықта орналасатындығын айтты. Қысқасы, кәсіпкерлер үшін бұл жерде барлық жағдай жасалып отыр, олар мұнда көптеген қызмет түріне қол жеткізе алады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ. 

Б.ЕСЖАНОВ (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<