Индустрияландыру бағдарламасы жобаларға қолдау жасауда

529

0

Нақты кезеңде облыста индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 543 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы 5 жоба іске қосылды. 10 жоба құрылыс индустриясы саласына бағытталған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев аталған жобалар туралы айтып берді.

«Ірі стратегиялық жобамыздың бірі – шыны зауыты. Құрылысы биыл жылдың соңына аяқталады деп жоспарлануда. Зауыт аясында бірнеше ілеспе кәсіпорын құру бойынша жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда 2 ілеспе жобаның, атап айтқанда, шыны талшықтары мен композиттік материалдар және айна өндірісі бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс индустриясы саласында алдағы уақытта керамзит, арматура, 2 асфальтбетон шығаратын зауыт ашылып, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех кеңейтілетін болады», – деді ол.

Өңірдің ерекшелігіне сәйкес, 46 жобаның ішінде агроөнеркәсіп саласындағы жобалардың 26-ның үлесі басым. Оның ішінде 3 жоба былтырғы жылы іске қосылды. Олар – Арал ауданында екі балық өңдеу цехы мен Жалағаш ауданында тыңайтқыштар шығаратын «Агрохим Сервис» серіктестігі. Биыл осы салада тағы 2 жоба іске қосылмақ. Біреуі – бағдарламаның белсенді қатысушысы «Аралтұз» акционерлік қоғамының қуаттылығы жылына 180 мың тонналық ІІІ-испан цехы. Қазір ас тұзының сынамалық өнімін шығаруда.

Екіншісі – Сырдария ауданындағы «Ақжарма-1» қожалығының қуаттылығы жылына 630 тонналық күріш өңдеу зауыты. Сонымен қатар, ет және сүт өнімдерін өндіруге бағытталған инвестициялық жобалар да бар. Оның ішінде, құс етін өндіруге бағытталған 4 жоба бар, оның екеуі келер жылы іске қосылады. Бұған қоса, сүт өндіруге бағытталған 4 жоба бар. Оның ішінде, «РЗА» акционерлік қоғамының, «Сыр агро и К» серіктестігі тауарлы-сүт фермасын кеңейту және ашу жұмыстарын жүргізуде. Бие сүтін өңдейтін 2 жоба іске қосылмақ. «Қызылорда AGROPlus» серіктестігі томат пастасының өндіретін жобасына жаңа инвестор «Orbis-Agro» компаниясын тартты.

Сондай-ақ, Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ цехы келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Ал Шиелі ауданында іске асырылуы жоспарланған бақша дақылдарын өңдеп, түрлі өнімдер шығаратын және жоңышқаны 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен өсіріп, пресстеу жобалары бар.

Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 42 жоба жер телімін алды, 2 жоба инвестициялық жеңілдіктерге қол жеткізді, 6 жобаға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Тағы 6 жобаға инженерлік инфрақұрылым тарту көмектері көрсетілуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<