Инфляция іркілетін емес

395

0

Бүгінгі геосаяси ахуал тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратып жатырОның зардабы, әлбетте, біздің елге де тимей өтпейтіні белгілі. Бұл жерде сөз әрине инфляцияға қатысты болып отыр. Ал инфляциябағаның өсуінен, тауарлар тапшылығынан және тауарлар мен қызметтер сапасының төмендеуінен туындайтын ақшаның құнсыздануы, сондайақ оны сатып алу қабілетінің төмендеуі дегенге саяды.

Ұлттық Статистика бюросының мәлімдеуінше, өткен қыркүйек айында елімізде инфляция деңгейі тамызбен салыстырғанда 1,8% артты.  Қыркүйек айында инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтерде байқалып – 2,7% (2022 жылғы тамызда – 1,6%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% (тамызда – 1,8%) қымбаттады. Бағаның артуының ең төменгі қарқыны азық-түлік тауарларында тіркелді – 1,2% (2022 ж. – 1%). Ақылы қызметтер арасында қыркүйек айында ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беруде байқалса, –13,1%, білім беру қызметтері 7,1% қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы 5% көтерілді, жуу және тазалау құралдары 4,4, жеке пайдалануға арналған тауарлар 2, киім мен аяқ киім 1,9% өсті. Отын бағасы 3, тас көмір 2,9, баллондағы сұйытылған газ 1,5% көтерілді.

Азық-түлік тауарларының бағасы қыркүйекте 1,2% өсті. Жұмыртқа бағасы 7,5, күнбағыс майы 4,6, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы 4,1, тоқаш және ұн өнімдері 3,8, жармалар 3,2, кондитер өнімдері 3,1% жоғарылады. Бұл ретте, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2, картоп 8,5, құмшекер 5,2, жаңа жемістер 3% арзандады.

Жылдық инфляция деңгейі 17,7% құрады. 2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2% артты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 17%, ақылы қызметтер 12,3% көтерілді.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы ай сайын 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың баға өзгерісін бақылап отырады.  2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі  40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрайды.

Ұлттық валютаның әлсіреуі – инфляцияның негізгі көріністерінің бірі. Қыркүйек айында доллар Қазақстан мен Өзбекстанда қымбаттаса, Қырғызстан мен Тәжікстанда керісінше арзандағаны байқалды. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанда америка валютасының курсы 0,9% өсіп отыр. Қаржылық реттеу  курсы бойынша доллар бір ай ішінде 472,2 теңгеден 476,9 теңгеге көтерілді. Ұлттық банктің мәлімдеуінше, болашақта доллар бағасы геосаяси жағдайлардың, әлемдік нарықтағы өзгерулерге қатысты құбылмалы болып отырмақ. Өткен айда ресей рублін теңгемен салыстырғанда нығайғаны байқалды. Оның бағасы 7,84 теңгеден 8,31 теңгеге көтерілді. Ал еуропалық валюта бағасы Қазақстанда төмендеп отыр. Ұлттық валютамыздың еуроға қатысты нығайғанын оның бағасы 471,2 теңгеден  462,2 теңгеге арзандағанынан аңғаруға болады.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде несиенің барлық түрінен өсім бар. Жыл басынан бері несие портфелі 6,7% өсіп, 21,5 трлн теңге болды, яғни, банктер активінің 54 пайызын құрап отыр. Заңды тұлғаларға берілген несиенің көлемі 2% өсіп, 8 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнеске берілген несие көлемі 3,6% өсіп, 5,7 трлн теңге болды. Жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 15,3% артып, 12,4 трлн теңгеге жетті. Тұтыну борышының портфелі 6,9 трлн теңге болып, жыл басынан бері 11,9% өскен.

ҚР Ұлттық банкі болжамына сәйкес 2022 жылдың соңына қарай инфляция 16-18% аралығында қалыптасады. Қысқа мерзімді кезеңде инфляция 2023 жылғы ақпанда өзінің ең жоғары мәніне жетіп, екі таңбалы болып қалады. Бұл бірқатар азық-түлік өнімдерінің, сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, бірінші кезекте, жоғары импорттық құрамдас бөлігі бар азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жалғасып отырған бағасының өсуін, сондай-ақ сақталып отырған жоғары базалық инфляцияны білдіретін болады.

Бұдан әрі 2023 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 7,5-9,5%-ға дейін біртіндеп баяулайды деген болжам бар. Төмендеу үрдісі күшейе береді, сөйтіп, 2024 жылдың соңына қарай инфляция 5,5-7,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр.

Қаржы министрлігі «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын әзірледі.  Құжатқа сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының ең төменгі мөлшері – 60 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 21907 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 53076 теңге. Жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3450 теңге, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – 40567 теңге.

Біздегі инфляция деңгейі 16-18% болғанын айтып кеттік. Ал Еуростат мәліметінше, биыл күз айлары басталар сәтте еуро аймағындағы 19 мемлекетте инфляция жылдық мәнде рекордты көрсеткішке 8,9%-ға жетті.  Бұл – статистика жүргізіле бастаған 1997 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал жекелеген мемлекеттерде бұдан біраз жоғары көрсеткіш орын алғанын айта кету керек. Мысалы, Чехия мемлекетінде ол 17%-дан асқан. Өндірісі дамыған еуропалық мемлекеттер үшін бұл көрсеткіштер тым жоғары саналса, экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан үшін «үйреншікті жау»  болып отыр. Талай рет осындай қиыншылықтармен бетпе-бет келгеніміз есімізде. Бірақ, жағдай осылай қалыптасты деп әрекетсіз отыруға және болмайды.

Қыркүйек айындағы Үкімет отырысында инфляцияның артуына алаңдаушылық білдірген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдері өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейту қажет», – деп тапсырма берген болатын.

Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері болжамдарының алғышарттарына жоғары белгісіздік енгізуді жалғастыруда. Бұл инфляцияның болжамдық мәндерінен ауытқу тәуекелдерін жоғары деңгейде сақтауға себепші болады.

Инфляция баяулайды, бірақ жойылмайды. Одан тек түбегейлі экономикалық өзгерістер ғана құтқарады. Біздің елімізде  оған экономикамызды әртараптандыру арқылы қол жеткізе аламыз. Ал оның нақты бағыт-бағдарын, яғни жаңа экономикалық саясатты қалай жүзеге асыру керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көрсетіп берді. Оны сәтті жүзеге асыра алсақ, инфляция деген бәлекетті ауыздықтау анағұрлым жеңіл болмақ.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<