Инфрақұрылым жобалары қолға алынды

407

0

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес отырысында  Сырдария ауданының бағыт-бағдары белгіленді. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ұсынған жобалардың тиімділігі талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстардың маңыздылары сарапталды.  Аймақ басшысы Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жылғы қорытындыларына тоқталды.

Аудан әкімі инфрақұрылым желілерін дамыту бойынша  халыққа қажетті жаңа жобаларды ұсынды. Оның айтуынша, 2024 жылға құны 12,6 млрд теңгенің 27 жобасы әзірленген, 7,5 млрд теңгенің 17 жобасына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 3,5 млрд теңгеге жұмыс жүргізіледі.

Инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша  2 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентіндегі  жаңа шағын аудандардың жолына қиыршық тас төсеу былтыр басталған, биыл толық аяқталмақ.

Сонымен қатар Н.Ілиясов елді мекеніндегі жаңа шағын ауданның қиыршық тас жолының, электрмен жабдықтау және су жүйесінің жобалары демеушілік есебінен дайындалды. Қаржыландыру үшін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім жіберілді. Жоба іске асқанда алаңдар дайындалып, 80 жер учаскесі  тұрғындарға табысталады. Қазіргі таңда жер кезегінде 117 адам бар.

Елді мекендерді ауызсумен қамту бойынша 4 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентінде құны 108,5 млн теңге болатын 2 жоба және «Шаған» ауылында құны 50 млн теңге болатын 1 жоба өткен жылы басталды, биыл бітеді. Ал Амангелді ауылының ауызсу құбырларын жаңартуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 59,5 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады.

Газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Өткен жылы С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов елді мекендерін газдандыру басталды. Биыл «Шаған» елді мекеніне газ кіргізуді бастауға  республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, Н.Ілиясов  елді мекенін газдандыру жобасы демеуші көмегімен әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Аманкелді, «Жетікөл» және «Айдарлы» ауылдарын газдандыру мәселесі зерделеніп, демеушілер есебінен жоба әзірленуде. Ол 2025 жылға қаржыландыруға ұсынылады.

Электрмен қамту бойынша 2 жоба іске асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында  «Шаған» елді мекенін электрмен қамту жұмыстары аяқталып, Қалжан ахун елді мекенінде осындай жұмыстар басталмақ. А.Тоқмағамбетов елді мекенін электрмен қамтуға демеушілікпен құны 431,8 млн теңгенің жобасы әзірленген. Жоба облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылды. Сондай-ақ зерделеу барысында Тереңөзек кенті мен С.Сейфуллин елді мекендерінің электр желілері 1970 жылдары жүргізіліп, тозығы жеткені анықталды. Аталған елді мекендер бойынша 2025-2026 жылдарға бюджеттік өтінім ұсынылмақ.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл  13 көше, атап айтқанда, «Қоғалыкөл» ауылында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 6 көше және Қалжан ахун ауылындағы 1 көше күрделі жөндеуден өтеді.  Тереңөзек кентіндегі 8 көшені күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды.

Тереңөзек кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар  полигоны құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу  жүргізілуде. Сонымен қатар, теміржол арқылы жаяу жүргіншілер өтетін аспалы көпір жобасын дайындау қажет.

Кәріз жүйесі Тереңөзек кенті тұрғындары үшін өте маңызды. Бүгінде қолданыстағы кәріз жүйелерінен аққан суды айдайтын 5 КНС бар. Кентті толық қамту үшін қосымша 5 КНС қажет. Жоба іске асқанда 39 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысан және 664 жеке тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады. 

Аудан орталығында 80 орындық балабақша салу қажеттілігі туындауда.  Қазір 1972 жылы салынған ескі мектеп ғимараты балабақшаға лайықтандырылған. Балабақшада 2 топта 50 бала тәрбиеленуде, кезекте 30 бала бар.  Ауданда маңызды іс-шаралардың басым көпшілігі Орталық стадионда өткізілгендіктен, көрерменге қолайлы болу үшін стадионға шатыр жабындысын салу ұсынылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Тереңөзек кенті А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын қайта жаңғырту жобасына республикалық бюджеттен 60,3 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі Қ.Бөдеев көшесіне тротуар мен науа  салу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Тереңөзек кентінің орталығындағы 18,4 шақырым  10 көшенің жаяу жүргіншілерге арналған жолын, кентке кіреберіске «Жастар аллеясын» салу және «Тағзым алаңын» абаттандыру жобаларына қолдау сұралды.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары жобалардың маңызына,  тиімділігіне тоқталып,  ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Сырдария ауданының шаруашылықтары облыс орталығына жақын орналасқандықтан, жобалар ұсынуда осы артықшылық ескерілуі тиіс.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдаудың нәтижесін атап айтты. Аудан  тұрғындары  азық-түлік, халық көп тұтынатын тауарлар бағасының және коммуналдық қызмет тарифтерінің жоғарылығына алаңдайды.  Мұнан бөлек,  қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілерге теміржол өткелінен өтуге қолайлы жағдай жасау мәселесін бақылауға алу қажет.  Аудан әкіміне аталған мәселелерді қадағалап,  қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<