Интеллектуалды сайыс жеңімпаздары анықталды

1270

0

Алматы қаласында «IQ BATTLE» атауымен республикалық әскери-патриоттық интеллектуалды сайыс өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» әлеуметтік жобасы аясында «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Шараның мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін арттыру.

Екі күнге созылған интеллектуалды сайыста республиканың түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жастар бас қосты. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент 16 команда қатысып, іріктеу, жартылай финалдық кезеңдерден өтті. Интеллектуалды сұрақтар әскери, тарихи, логикалық, ұлттық құндылықтар, ұлы тұлғалар мен атаулы оқиғаларды, сонымен қатар жастардың дүниетанымын дамытарлық кейстерді де қамтыды.

– Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен интеллектуалды білім саласының үздіктерін жинадық. Екі күнге созылған шарада интеллектуалды ойыннан бөлек арнайы бағдарламалар да қарастырылды. Бұл ойын жастар үшін жаңа мәліметтерді игерумен қатар, жаңа орта табуына да көмектесті. Негізінен мұндай бағыттағы интеллектуалды ойын тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Біздің ең басты мақсатымыз елімізде зияткер ұрпақты қалыптастыру, – дейді жоба координаторы Шырын Мұратқызы.

Шара нәтижесі бойынша ерекше білімімен көзге түскен 3 қатысушыға 20 000 теңгелік ақшалай сыйлық табысталса, 1-орынға 100 000 теңге, 2-орынға  70 000 теңге, 3-орынға 50 000 теңгелік сертификат табысталды. Ойын қорытындасы бойынша 1-орынды Шығыс Қазақстан облысы «Qagan» командасы, 2-орынды Ұлытау облысы «Жаңаарқа ауданы» командасы, келесі жүлделі орынды Жамбыл облысы «Жамбыл Альянсы» командасы иеленді.

Нұрасыл БЕКМАТОВ,

«Qosyl» қалалық жастар орталығының қызметкері