Инвестиция көлемі арта түсті

5

0

2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артты деп хабарлайды Kazinform.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, оның жалпы көлемі 3,46 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі 106,4 пайызды шамалады. Негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі. Бұл бағытта бюджет қаражатын есептемегендегі инвестиция көлемі 2,31 трлн теңге, нақты көлем индексі 128,1 пайызға жетті.

Ел бойынша жан басына шаққандағы орташа инвестиция көлемі 168,8 мың теңге болды. Инвестиция құрылымында өндірістік базаны жаңартуға бағытталған шығындардың үлесі артты. Машина, құрал-жабдық және көлік сатып алуға жұмсалған қаражат 1,3 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 143,1 пайызға артты. Ал құрылыс пен күрделі жөндеуге салынған инвестицияның нақты көлем индексі 90,9 пайызға дейін төмендеп, жалпы көлемі 1,99 трлн теңгені маңайлап тұр.

Құрғақшылыққа төзімді дақылдар

Отандық ғалымдар құрғақ аймақтарға бейімделген жаңа ауыл шаруашылығы дақылдарын әзірлеп шығарды. Жаңа  сорттар Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі тәуекелі жоғары егіншілік аймақтарына бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

А.Бараев атындағы астық шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орталы­­ғының ғалымдары әзірлеген сорттар қатарында «Дамсинский» атты қауызсыз сұлы, «Торғай» жаздық қатты бидайы, «Изумрудное» малазықтық тарысы  және «Реноме» азықтық тарысы бар.

Мамандардың мәліметінше, жаңа сорттарды енгізу арқылы гектарынан 2-10 центнерге  дейін  қосымша өнім алуға болады. Сонымен қатар зығыр дақылын өсірудің жаңа тәсілі патент­телді. Ол арамшөптермен күресті жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға бағытталған.

Қазақ тазысы мен төбет күні

Үкімет қаулысына сәйкес, мерекелік күндер тізімі жаңа тармақпен толықтырылып, 3 қыркүйек – «Қазақ тазысы мен төбет күні» ретінде белгіленді деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған қаулы 2017 жылғы 31 қа­занда бекітілген «Қазақстан Респуб­лика­­сындағы мерекелік күндер тізбесін бекіту туралы» құжатқа өзгеріс енгізеді. Жаңа ереже 2026 жылғы 28 сәуірден бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, 8 сәуір күні Мә­жілістің жалпы отырысында «Жан­уарларға жауапкершілікпен қарау ту­ралы» заңға енгізілетін түзетулер қа­­былданды. Заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин егер де қожайыны бар ит адам өміріне, ден­саулығына немесе мүлкіне зиян кел­тіретін болса, оған жауапкершілік қарас­тырылатын норма енгізілгенін айтты.