Кенжелеген кәсіпкерлікке шынайы қолдау қажет

278

0

Сондай-ақ облыс әкімдігінде өткен мәжілісте Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов ауданның түйткілді мәселелерін шешу бойынша қабылданған шаралар мен жасалған жұмыс барысын баяндады.

Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары, тиісті мемлекеттік органның басшылары қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан басшысының жұмысын бағалап, бірқатар назар аударатын мәселелерді атап өтті. Мұнда да негізінен 4 бағыт бойынша жұмыс бағаланып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуы ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуал сарапқа түсті.

Қармақшы ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша алты ай қорытындысымен 6-орында, орташа даму динамикасын көрсетті. 10 көрсеткіштің ішінен өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемі бойынша нәтиже төмен екені қаперге алынып, 9 ай қорытындысы бойынша оң нәтиже шығару тапсырылды.

Мұнан бөлек, облыс әкімі ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыруда жұмыс қарқыны баяулағанын жеткізді.

«Индустриялық аймақта 2017 жылдан бері жаңадан жоба орналастырылмаған. Қармақшы кәсіпкерлік саласының дамуы кенже қалған аудандардың қатарында екені белгілі. Біз бизнес қарқынын әлі де үдетуіміз қажет. Аудан әкімдігі өз бизнесін бастаймын, кәсібін кеңейтемін деген ынталы азаматтармен тығыз жұмыс жасап, оларға шынайы қолдау көрсетуі тиіс. Ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс, балық шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Сондықтан осы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды», –  деді облыс басшысы.

Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеру керектігі, ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақытылы аяқтап, пайдалануға беру тапсырылды. Қазіргі таңда азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданады. Осыны ескере отырып, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатыны кеңінен ақпараттандырылуы тиіс. Келесі егін маусымына дайындық бүгіннен пысықталуы қажет. Мұнан бөлек, аймақ басшысы кейінгі кездері жол-көлік оқиға салдарынан қайтыс болғандардың саны күрт өскенін назарға салып, құқық қорғау органдарына жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, жаппай рейд ұйымдастыру әрі тұрғындарға сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеттелді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ашылуы тиіс «Бақытты отбасы» орталығының бөлімі аудан орталығында осы күнге дейін ашылмағанын ескертіп, тез арада іске қосылуын тапсырды және Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауындағы мүлік иелерінің бірлестіктерін құру мәселесі әлі де ашық күйінде қалғанын қаперге салды. Бұл жұмыс уақыт оздырмай қолға алынуы қажет.

Кадрлық әлеуетті дамытуға байланысты облыс әкімі аудандарда кейбір лауазымды тұлғалар, оның ішінде, әсіресе, мектеп және балабақша директорлары көптеген жылдар бойы бір қызмет орнында қалғанын ескертіп, заңнама аясында ротациялауды жүктеді.

Жалпы, аталған жұмыстарды іске асыру барысында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері белсенділік танытуы қажет. Аудан әкімі Президенттің, облыс әкімінің тікелей өкілі болғандықтан, сол аумақтың тұрғындарын толғандыратын мәселелердің барлығына жауап беруі тиіс.

Әрине, әрбір ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс әкімінің жіті бақылауында.

Ал, қызметіне салғырттық танытып, көздеген межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қарастырылатыны ескертілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<