Көмек көші тоқтамайды

361

0

Түрік елі жойқын апаттан әлі ес жия қойған жоқ. Қауіп пен қатер де толық сейілмеген. Қайырымдылық қанына сіңген қазақ елі көмек қолын бірден созды. Осы ізгі үрдіс әлі күнге жалғасып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрік еліне көмектер жөнелтілуде.

Сыр елінде де облыс әкімдігінің бастамасымен Түркияда болған жойқын зілзаладан зардап шеккен апат аймақтары мен тұрғындарға көмек беру мақсатында облыстық Жастар ресурстық орталығы жанынан гуманитарлық көмек беру пункті құрылған болатын. Бейсенбіде халықтан жиналған 15 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Жүк көлігі алдымен Алматы қаласына жеткізіліп, әуе кемесі арқылы Түркияға жол тартады.

Еріктілер арнайы төсек-орындар, тұрмыстық-шаруашылық және жеке гигиеналық заттар, азық-түлік, киім-кешек топтастырып жіберді.

Еске сала кетейік, журналист Нұрбек Бекбау 120-дан астам киіз үй жіберу бастамасын көтеріп, оған жергілікті меценат-кәсіпкер «Абай-Дәулет» ЖШС-ның басшысы М.Сәрсенбаев өз үлесін қосқан еді. Қазір көмек ретінде жіберілген киіз үйлер апат болған аймақтарға тігіліп, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер де қаржылай қолдап, апат аймақтарын қайта қалпына келтіру үшін өз үлестерін қосып жатыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<