Көрерменді сендіру – шын талантқа тән

676

0

Қазақтың театр әлемінде бағы жанған Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Досхан Жолжақсынов сынды өнер майталмандары жасаған тамаша образдар бүгінге дейін көрермендерінің жүрек түкпірінде сақтаулы. Осындай тұғырлы тұлғалардың ізін жалғап, театр мәдениетіне үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі, Мәдениет саласының үздігі Ұғым Баймаханов.

Оның есімі театрдың тұрақты көрермендеріне жақсы таныс. Кейіпкеріміз бүгінде Сыр сахнасының төрінен орын алып, биіктен көрініп келеді. Ол театр сахнасында түрлі жанрдағы образдарды жалпақ жұртқа танытты. Кейіпкердің болмысын барынша ашып, бүгінде сырлы өнердің майталманына айналды.

Ұғым Санақұлы 1995 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің хореография мамандығына оқуға түсіп, 1999 жылы тәмамдаған. Айтуынша өнер әлеміне қадам басуына білім берген ұстаздары ықпал еткен. Ең алғаш университет табалдырығын аттаған сәттен ұстазы Алмас Қаржаубаевтан тәлім алып, хореография саласының қыр-сырын үйренген. Осылайша арманын мақсатқа, мақсатын шындыққа айналдыру үшін 1997 жылы университет қабырғасында оқып жүріп, «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің бишісі болды. Кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде актёр мамандығы бойынша білім алды. Оқуын тәмамдаған сәттен бастап, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында қызмет етіп келеді.

– Университетте оқып жүрген кезеңде Алмас Қаржаубаев, Татьяна Угай, Гүлбану Елубайқызы сияқты білікті оқытушылардан білім алдым.  Кейін қазақ-түрік университетінің өнер бөліміне оқуға түсіп, драматург Сая Қасымбек және Қазақстанның халық артисі Райымбек Сейтметовтен актерге тән қырағылықты үйрендім. Одан соң Сыр еліндегі іргелі өнер ордасына келіп, көркемдік жетекшіміз Хұсейн Әмір-Темір ағамның батасын алдым. Бұл кісілердің бәрі мені өнер айдынына жетелеп, ыстығы мен суығына төзуді үйретті. Әрқайсысына айтар алғысым шексіз, – дейді ол.

Айтуынша оның актерлік қабілетін жете танытқан А.Чеховтың «Шие бауындағы» Гаев рөлі болды. Арнайы актерлік мектепте оқымаса да, режиссердің бағыт-бағдарын бойына сіңіріп, Гаевтей күрделі рөлді тәп-тәуір алып шыққан. Сыр сахнасында Д.Исабековтің «Мұңлық-Зарлық» лиро-эпостық драмасындағы бас сақшы Шафхат, «Абай» пьесасындағы Оразбай, Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасында Әбілқайыр хан, С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» спектакліндегі Дүйімқара – сан қырлы, түрлі мінезді кейіпкерлер. Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасындағы Розенбергті, Ж.Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасындағы Ержанды, О.Бодықовтың «Нартай» драмасында Ералинді ойнағанда адам тағдырына жазылған сәттерді шынайы бейнеледі. Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасында Айтөре, Р.Отарбаевтың «Двойник» комедиясында Бай, М.Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің!» музыкалық комедиясында сиқыршы, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» драмасында билеуші Бек, Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмасында Қалдан серен, А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасында Никулин секілді түрлі жанрдағы образдары көрермен көңіліне қонды.

Талантты өнерпаздың театр сахнасында шыңдалып, шеберлігі ұшталуына өнер жолында бағыт-бағдар берген ұстаздарынан бөлек ұжымдас достарының да еңбегі зор.

– Ұғым – өте еңбекқор, адамгершілігі мол азамат. Отбасында, ұжымдастарының арасында абыройы биік, сегіз қырлы, бір сырлы жан. Оның таланты театрда сомдаған әрбір рөлінен жарқырап көрініп тұрады. Ерекше қасиеті кез келген қойылымда серіктесіне көмек қолын созады. Әрбір қойылымға ерекше мән береді. Халықтың көңілінен шығу үшін көп еңбектенеді. Сол үшін де Сыр сахнасында өзіндік орнын қалыптастырып, көрерменін әркез таңғалдырудан жалықпайды, – дейді театр артисі Залипа Төлепова.

Ұғым Баймаханов сахнадағы мол ізденісі мен шеберлігінің арқасында 2005 жылы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2010 жылы театрда белгіленген Т.Айнақұлов атындағы ауыспалы жүлдені иеленді. 2016 жылы облыс әкімінің Алғыс хатын, 2017 жылы «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Құрмет белгісімен» марапатталды. Ол талант иесі ғана емес ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке. Әкенің айтқан әрбір ақылы балалары мен кейінгі ұрпағына үлгі.

– Сахнада өз жауапкершілігіңе алған кейіпкеріңнің жан дүниесін ашып көрсету үшін көп еңбек керек, – дейді ол.

Расында қай мамандықтың да шыңына шығу үшін еңбек керек. Ал көрерменді сендіре білу, кейіпкеріңе айналып, соның өмірін сүру – шын талантқа тән.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<