Көрме-байқау  – кәсіпкерлікті дамытуға дәнекер

464

0

Кеше жергілікті тауарөндірушілердің «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтті. 60-тан астам тауарөндірушінің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Айта кету керек, ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің қызметін жандандыруға ынталандыру мақсатындағы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Президенттің Жарлығымен 2006 жылдан бастап елімізде жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Дәстүрлі шара биыл үш номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы.

Облыс әкімі бастаған кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңес мүшелері, қаржы институттарының өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері және тұрғындар жергілікті тауарөндірушілердің өнімімен танысты. Былайғыда «өзімізден ештеңе шықпайды» деп жиі сынайтынымыз соншалық, тіпті соған өзімізді сендіріп алғандаймыз. Алайда, бұл көрме ол ойымыздың дұрыс емес екенін көрсеткендей. Мәселен, Жаңақорғандағы «Мейрамбек» ЖК-нің әжетхана қағазның өзгелер өнімінен еш кемдігі жоқ. Кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал  кір сабын пайдаланбайтын үй жоқ. «Әділет» ЖК шығаратын кір сабындар да көрме залынан орын алған. 2019 жылы қызметін бастаған кәсіпкер жылына 240 000 дана сабын шығарады екен. Ол да 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, көрмеден қапталған құрт және чечил де табылды. Шиелілік «Халиев» ЖК өндіретін «Жаннұр» брендімен шығарылатын өнім түрлері көпшілік сұранысына ие. 2016 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпорында 12 адам жұмыс істейді. «Абай-Дәулет» ЖШС-нің күріш және сүт өнімдері де тұтынушылар талғамына сай. 2016 жылы құрылған ұйымда 165 адам еңбек етуде. Қармақшы ауданының «Тұрмағамбет» ЖШС-нің өнімдері де сұранысқа ие. Шаруашылықта 170-ке жуық  адам жұмыс істейді. Кәсіпкер күріш, макарон, айран, қаймақ, кілегей, балмұздақ өнімдерін шығарады.

Ұшақта, поезда жолға арналған кішкентай қалтадағы бір реттік қантты жиі пайдаланамыз. Ал бір реттік балды кім көрді? Иә, кішкене қалтадағы кәдімгі ара балын қолданғандарыңыз бар ма? Жаңақорғандық жас кәсіпкер, омарташы Оңғарбек Әсенов біз айтып отырған бір реттік қолдануға арналған бал шығарады. Көрмеде келушілер қызығушылығын тудырған өнімнің бірі еді бұл. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер жылына 2,5-3 тонна бал өндіреді.

– Бірде Нұр-Сұлтан қаласына республикалық форумға бардым. Сол кезде қонақүйде болдым. Сонда бір реттік шай, кофе алып ішіп жүрдік. Сонда «балды неге осылай, кішкене қалташаларға құйып, жасамасқа» деген ой келді.  Бұл жолаушы үшін де балаларға да қолайлы болар еді. Сөйтіп интернеттен іздей бастадым. Арнайы құрылғы, қаптайтын қаптамасына дейін сатып алып, осыны жолға қойдым. Қазір сұранысқа ие. Әсіресе, мектеп асханаларынан сұраныс көп. Балдың пайдасы көп қой, әсіресе балалардың иммунитетін көтеруге жақсы. Кешегі індет кезінде тұтынушылар тарапынан сұраныс та көп болды, – дейді кәсіпкер.

Тұрғындар арасында құрылыс заттары тек сырттан келеді деген түсінік қалыптасқалы қашан. Сөйтсек, құрылысқа қажетті бірталай өнім  өзімізден де шығарылады екен. Оны да көрмені тамашалау барысында білдік. Мәселен, қызылордалық «VEGA-PROM» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндірумен айналысады. Компания өкілі Асылжан Аязбаевтың айтуынша, кафель жапсыратын желім,  штукатурка, құйылмалы еденнің түр-түрі бар. Өнімдері облыс көлемінен бөлек, Қарағанды, Ақтөбеге сатылады. Жылына 8 мың тоннадан астам өнім өндіріледі.

Көрме-байқаудың салтанатты шарасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, байқаудың маңызына тоқталды.

–       Көрме-байқаудың мақсаты – жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету, олардың өндіретін тауарлары мен көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру. Биыл байқауға 3 номинация бойынша 60-тан аса кәсіпкер қатысуда. Өткен жылдары республикалық конкурстың нәтижесімен өңірдің 8 кәсіпорыны, атап айтқанда «РЗА», «Абзал және К», «Мағжан және К», «Абай-Дәулет»,«Алтын Орда», «СКЗ-U», «Dalatex» компаниялары және жеке кәсіпкер «Қазбергенов» жеңімпаз болды.

Қазіргі қалыптасқан геосаяси және экономикалық жағдайда инфляциялық процестер жылдам  қалыптасып, болжам жасауға кері әсерін беруде. Сондықтан,  әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, бизнес өкілдермен бірлесіп, ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабуға және импортқа тәуелділікті барынша жоюға мүмкіндік жасайтын жобаларды іске асыруымыз қажет. Көрмені аралау барысында импорт алмастыратын тауарларды өзімізде шығарудың мүмкіндігі бар екендігіне көз жеткіздік. Біз өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында шикізаттық емес өндірісті дамытуға күш жұмсауымыз қажет. Биыл іске қосылатын бір ғана шыны зауытының маңайында 8 ілеспе кәсіпорын құрудың мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні 3 жоба бойынша жобалау жұмыстары басталды. Былтыр мемлекет тарапынан 3 мыңнан аса жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлер саны 6,1%-ке, ал өндірілген өнім көлемі 7,2%-ке өсті. Биыл әртүрлі көздерден кемінде 20 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталады. Кәсіпкерлік саласының дамуын сипаттайтын көрсеткіштер тәуір. Әрі қарайда саланы қолдау жұмыстары жалғасады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытуға бағытталған жұмыс жоспарымен де таныстырды.

–       Жаңа ғана «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен  «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің қызметімен танысып шықтық. Орталық – инженерлік-инфрақұрылымға техникалық шарттар алып беру, тауардың сыртқы жарнамалау эскизін даярлау сияқты кәсіпкерлерге бірінші кезекте керекті қызметтерді ақысыз негізде жасап береді. Құрылымдар жұмыстарының нәтижесін көріп отырмыз. «Атамекен» палатасы жанындағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінде өзгерістер болып, күні кеше төрағасы Ерлан Қаниұлы Раимов тағайындалды. Жаңа басшының келуімен кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған белсенді жұмыстар жалғасады деп сенемін.  Осы институттар арқылы біз Сіздерді қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Екінші, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өңірлік даму институты ретінде жұмысын жандандырамыз. Президент тапсырғандай, Үкіметпен бірлесіп корпорацияны қаржыландырудың көлемін ұлғайтатын боламыз. Индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясы корпорация жанынан құрылады. Үшінші, жастардың арасында креативті экономиканы дамыту қабілеті артып келеді. Өңірде құрылған ІТ парк арқылы жастардың бизнес идеялары іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға көңіл бөліп, әрі қарай жұмысты жалғастырамыз. Төртінші, әйелдер кәсіпкерлігі – шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 46%-ке жетті. Олардың белсенділігін одан әрі қолдау жұмыстарын жүргіземіз. Бесінші, жыл өткен сайын сауда саласын дамытудың негізгі құралы – электрондық коммерция болуда. Осы жұмыстарды қарқынды дамытуымыз қажет. Кәсіпкерлік саласын әрі қарай жетілдіру үшін облыс әкімдігі жанынан Кәсіпкерлер кеңесін құруды ұсынамын. Жоғарыда аталған ұсыныстар мен шешілуі тиіс мәселелер Кеңес аясында қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданады, – деп нақтылай түсті облыс әкімі.

Сараптамалық топтың анықтауымен «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үш номинация бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша цемент өнімдерін шығаратын «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Қазақстан» ЖШС, полинилхлорид және төменгі қысымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС Қызылорда филиалы жеңімпаз болса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясын ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «VEGA-PROM» ЖШС және жиһаз дайындайтын «Алистрейд Қазақстан» ЖШС жеңіп алды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша өңделген ет, сүт, көкөніс өнімдерін шығаратын «Аруна Агролидер» ЖШС, күріш және күріш өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС, өңделген балық және балық өнімдерін шығаратын «Қарашалаң Сервистік Дайындау Орталығы» ЖШС  жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Іс-шара аясында «Балалар жылына» орай жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндірушілердің атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Aiman Abdi-дің» қазақы нақыштағы балаларға арналған киім үлгілерінен, жеке кәсіпкер Светлана Цойдың кешкі көйлектер топтамасынан және «DALATEX» ЖШС-нің «мектеп формасы» топтамасынан дефиле көрсетілді.

Белсенді кәсіпкерлер арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<