Көз қуантатын «Көктем бояулары»

1645

0

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Көктем бояулары» атты облыс суретшілерінің туындылары қойылған көрме өтті. Көрме галереяның Ұлттық рухани жаңғыру жобасы аясында және «Бейнелеу бағыты»  бойынша ұйымдастырылған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры Сапар Көзейбаев суретшілерге жеке архивіндегі еңбектерін халық назарына ұсынғаны үшін алғыс білдірді.

− Өнер мәңгі жасайды. Соның ішінде бейнелеу өнері ғасыр бейнесін бізге жоғалтпай жеткізеді. Сурет салу – өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Ол адамның ақыл-ой парасатын өсіреді. Танымын кеңейтеді, ізгілікке, әсемдікке үйретеді. Сурет − бұл адамзат баласының заманнан-заманға жеткен рухани эстетикалық байлығы. Сыр суретшілеріне алғысымыз шексіз, − деді ол. 

Мұнан соң Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Кененбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Яссауи Ағытаев сөз алды.

− Сурет − шежіре. Құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір суретші таным-болмысты, ғажап табиғатты бейнелеу өнерімен ұғындыра алады. Өнер атты құдірет халықтың ұлылығын ұқтыруға қызмет етеді. Рухани өмірімізге көрік берер құдіретті өнер бүгінгіміз бен ертеңімізді нұрландыра түсері анық. Бүгінгі шара жастарды сурет өнерінің рухани әлеміне жетелейді, − деді А.Кененбаев

Галереяға жиырмаға жуық суретші еңбектерін ұсынған. Әсіресе қыстан кейінгі табиғаттың ашық түстерімен адамның жан дүниесін үндестіре бейнелеу − сурет өнерінің  құндылығы.

«Көктем бояулары» атты көрмеде картиналарды тамашалап, осы мезгілдің шуақты күндерін сезініп, жарқын сәттеріне саяхаттап қайттық. Галереядан «Көктем бояуларын» бір ай бойы тамашалауға болады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<