Күріш қауызын кәдеге жаратты

874

0

Бұрын қаншама тонна күріш қауызы кәдеге жарамай жататын еді. Амал жоқ, ауылдағылар оны өртеуге мәжбүр болатын. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ойлап шығарған жаңа жоба мұндай ысыраптың алдын алуға мүмкіндік туғызады.

Белгілі ғалым, өнертапқыш Нұрбол Аппазовтың басшылығымен жергілікті мамандар күріш қауызынан биочар, кремний диоксидін алу технологиясын жасап шықты. Ендігі кезекте ғалымдардың жаңашыл бастамасының арқасында күріш қауызы мен сабанынан қағаз, белсендірілген көмір және биочар әзірленуде. Әлемде биочар топырақ қасиетін жақсартып, оның тұздылығын айтарлықтай төмендететін биотыңайтқыш ретінде белгілі.

– Кремний диоксиді шыны, керамика, абразив, бетон жабдықтар, тіс пастасы, косметика, оптоталшық және өзге өндірісте қолданылады.  Әдетте кремний диоксидін құмнан алады, біз күріш қауызынан, яғни қалдықтан алу технологиясын жасадық. Күріш қауызын майдалап, кептіріп, микротолқындық сәулелендіру жағдайында тұз қышқылымен өңдейміз. Осылайша бейорганикалық қоспаларды бөліп алу үдерісін жылдамдатып, күріш қауызын муфельді пеште сатылап 300 ºС-дан 800 ºС-ға дейін  күйдіруді іске асырамыз. Нәтижесінде тазалығы 100% кремний диоксиді алынады, – деді университет профессоры Н.Аппазов.

Ғалымдар өңірде жетіп-артылатын күріш қауызын қолданудың басқа да рационалды жолдарын іздестіруде.

Бұдан бұрын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап, Еуропалық одақ грантын жеңіп алған болатын. Олар Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, әзірлеушілер тобына кірді. Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады.

Ал екі жылдай бұрын университет ғалымдары вирустар мен бактерияларға қарсы әсері жоғары антисептик ойлап тапқан еді. Сұйықтықтың артықшылығы қолданылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы күшін жоймайды. Бұл жобаны әзірлеуге де Нұрбол Аппазов белсене қатысты.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<