Машина сынау станциясы

464

0

Қызылорда мемлекеттік аймақтық машина сынау станциясы 1958 жылы Сырдария машина-трактор станциясының базасында құрылған. Ол отандық және шетелдік күріш егу мен жинауға арналған машиналарды, сонымен қатар жартылай шөлейтті жерлерде мал шаруашылығындағы ауыр жұмыс процестерін механикаландыру машиналарын сынауға арналған. 1960 жылы станция жұмысшылары мен қызметкерлерінің саны 15 адам еді. Онда типтік зертханалық корпус, машина жөндеу шеберханасы және басқа да өндірістік объектілер болды.

Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1960 жылғы 19 қарашадағы бұйрығына сәйкес Сырдария трактор жөндеу станциясы таратылып, Қызылорда мемлекеттік аймақтық машина сынау станциясының қарамағына берілді. Осы кезеңде станция машиналарды сынаумен қатар тракторлар мен ауылшаруашылық техникаларына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Станцияның негізгі жабдықтаушылары «Қазақсельмаш», «Жамбыл жөндеу», «Таганрог» зауыттары, «Гомсельмаш», «Ульяновск» мекемелері болды. 1962 жылдан бастап станция қаладан 35 шақырым жерде өндірістік және тұрмыстық база құрылысын бастаған.

 1963 жылы шаруашылық басшысы – директор, бас агроном, аға агроном, аға инженер, инженер-гидротехник, аға ветеренар-техник, бас бухгалтер, аға бухгалтер, жөндеу шеберханасының меңгерушісі, 6 техникалық қызметкер жұмыс жасады.

Күріш және басқа астық өнімдерін егу, жинау машиналарын, жем-шөп даярлау механизмінің машиналарын сынау, машиналарды экономикалық және агротехникалық бағалау лабораториялары болды. 1966 жылы өлшеу және құралдар лабораториясы ашылды.

1971-1972 жылдары станцияда 250 механизатор дайындалған, 45 машина, оның ішінде 4 шетел машинасы сынақтан өткізілген. Сынаумен қатар мұнда астық, сүт, ет өндіріліп, мемлекетке тапсырылған.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<