МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ-АДАЛ ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

659

0

Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі болып табылады. Адам баласы өз болашақ мамандығын таңдау барысында аса үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Себебі, таңдаған мамандық өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандықтың бірі мемлекеттік қызметші болып табылатыны сөзсіз. Өйткені, мемлекеттік басқарудың нақты бір салаға жауап беретін сан қырлы қызмет, мәселен, оларға: білім, денсаулық сақтау, экономикалық даму, қаржы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қаматамасыз ету, қорғау және қорғаншылық, көлік, байланыс және коммуникация жатады. Осы мамандықтың қыр-сырын білу үшін мемлекеттік қызмет деген ұғымды ашып көрейік.

Мемлекеттік қызмет — бұл, ең алдымен, мемлекет саясатын жүзеге асыруға бағытталған кешенді қызмет, атқарушы билік органдары қызметшілерінің тәжірибелік қызметі. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылып, дәл осы жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады және Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады. Аталған уақыт ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері аталған салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды.

Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялағаннан бастап,  осы салада бір қатар үлкен жұмыстар жасап, біраз жетістіктерге қол жеткізді, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылып, мемлекеттік қызметшілердің статусы мен өкілеттіктері, олардың функциялары заңмен бекітіліп, заман талабы мен адам мұқтаждығын қанағаттандыру үшін тиімді жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды жоғарғы кәсіби деңгейде орындап қана қоймай, еліміздің тәуелсіз, демократиялы егеменді мемлекетке айналуына өз үлестерін қосуда.

Сонымен қатар, мемелекеттік органдарда қызмет атқаратын қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру мәселесә әрқашан негізге алынып отыратындықтан, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру еліміздің өркендеуі мен дамуына, мемлекеттік қызметшілердің Отан сүйгіштігіне, білімі мен біліктілігін арттыруға апаратын маңызды қадам. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметкер, ал, мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені айдан анық.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез-келген жағдайда әділ болулары қажет. Себебі, мемлекетіміздің дамуы тікелей мемлекет саясатынының сапалы атқарылуына байланысты болса, ал ол өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігінің сапасына байланысты екенін естен шығармауымыз керек.

Қорытындылай келсек, ел абыройын асқақтатып, дамуына орасан үлес қосатын мемлекеттік қызметкер болу – аса жауапты міндет. Өйткені, мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.

 

Б.Кулантаев,

Әділет департаментінің 

бөлімінің басшысы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<