МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МІНСІЗ БОЛУЫ ТИІС

1874

0

 Бүгінде мемлекеттік қыз­метте жұмыс істейтіндерге артылар міндет ауқымды. Себебі, Елбасы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап кадрлық саясатқа ерекше көңіл бөлді. Егемендік алған тұста мемлекеттің басқару жүйесі өтпелі кезеңді басынан кешкені белгілі. Кейбір кеңес кезіндегі министрліктер мен комитеттер, жергілікті жерлердегі басқару жүйелері бұрынғы атауларын сақтап қалып, олардың қызметкерлері сол орындарға мемлекеттік қызметшілер ретінде тағайындалып, тәуелсіз мемлекеттің алға қойған талаптарына сай өз міндеттерін атқаруды жалғастырды.

Уақыт өте, өткеннен бас тартпай, жылдар бойы қалыптасқан қадрлар арқылы дүниежүзілік озық тәжірибелерді қолданып, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік қызметін жаңаша қалыптастыру жұмысы жалғасты. Осылайша, 1998 жылдың 18 қыркүйегінде Елбасы Жарлығымен посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш рет мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі құрылды.   

Мемлекет басшысына тіке­лей бағынатын және есеп беретін уәкілетті органның агенттіктің алдында қыруар істер мен уақыт күттірмейтін жобалар тұр­ды. Олардың біріншісі – «Мем­лекеттік қызмет туралы» Заңын заман талабына сай жетілдіру болатын. Сөйтіп, 1999 жылғы 23 шілдеде «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылданды.

Дегенмен, 2050 Стратегиясын орындау және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуүшін бұл салада әлі де жаңа реформалар, сатылы өзгерістер қажеттігін уақыттың өзі көрсетті.

Осылайша, Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын қа­былдап, алғашқы 15 қадамында мемлекеттік қызметтің мәні мен жаңа жағдайда оған қойылатын талаптарды белгіледі. Аталған қадамдардың ең бастылары – мемлекеттік қызметке қа­былдау ресімдерін жаңғырту.  ҚР мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру.  

Осы міндеттерді жүйелі орындау мақсатында құрылым өзгеріп, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ретінде қайта құрылды. Жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы қолданысқа енгізілді.

Заңда мемлекеттік қызметке кірудің өзі үш сатыдан тұруы және төменгі лауазымнан басталуы, талапкерлерге қойылатын сынақ мерзімінің 3 айдан 6 айға ұзар­тылуы, сонымен қатар, қыз­меткерлердің қызметте жо­ға­рылауы үшін төменгі лауазымдағы жұмыс өтілінің болуы керектігі қарастырылды. Яғни, жаңа модель меритократия принциптерін негізге ала отырып, мемлекеттік қыз­метке білікті, адал және жем­қорлықтың көріністеріне төзім­сіз азаматтарды іріктеуге мүм­кіндік беріп отыр.

Ең басты ұстаным–талап пен еңбек. Өйткені, өз халқың үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз өзімізді халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, қолдан келгенше түсініп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз», – деп қадап айтты. Халқымызда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген де даналы сөз бар. Сондықтан, Елбасы айтқандай, бұл сөздердің әрбірі мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс деп есептеймін.

Шын мәнінде, бұл рефор­малар қазіргі заманға сай өзгеріс­терді талап ететін құ­былыс, өте қажетті нәрсе болды. Мемлекеттік қызмет сала­сындағы осындай оң өзгерістер еліміздің одан әрі дамуына ық­пал етіп, ел тағдыры, ұлт келешегі үшін қызмет ететіні сөзсіз.

Дәурен ТІЛЕУМБЕТОВ,

Қазалы ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің

бас инспекторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<