Меморандум мүмкіндіктерге жол ашпақ

352

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатын талқыға салу мақсатында ардагерлер мен жастар өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен қаланың сол жағалауындағы Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде сөз алған аға буын өкілдері мен жас көшбасшылар сұхбаттағы ұлттық идеология мен құндылықтар, отбасы тәрбиесі, ұлттық менталитетімізге тән емес әр деңгейлердегі зорлық-зомбылық, жастарды әлеуметтік қолдау, патриоттық тәрбие мәселелеріне тоқталды.

– Бүгінгі кездесудің жөні де, жолы да бөлек. Жастардың жайын сөз етер болсам, мемлекет үшін де, аймақ үшін де басты мәселе жұмыссыздықпен күресу болып отыр. Оған қатысты мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар бар, біз де қолымыздан келгенін жасап келеміз. Тұрғын үй мәселесі де жастар үшін өзекті. Бұл орайда аймақ басшысы тарапынан қолға алынған «Сыр жастары» ипотекалық бағдарламасы биыл да жалғасын таппақ. «Жастар санаты» деп жалпылама айтқанымызбен, жас ерекшелігіне байланысты екі топқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен, 20 жасқа дейінгі жастар үшін бос уақытын тиімді ұйымдастыру, дұрыс орта табу, білім алу маңызға ие. Ал 25 жастан асқандарға жұмыс пен баспана жайы бірінші орында. Әрине, ардагерлер мен жастар арасындағы қарым-қатынасты, ашықтықты арттыратын осындай шаралар көбейсе, алда талай мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Сондықтан әрбір ардагерге, пікір бөліскен қонақтарға алғысымды білдіремін, – деді орталық директоры Талғас Тілес.

Алдағы уақытта жастарды еңбекқорлық, кәсібилік, адалдық, еңбек даңқы, ата-бабаның ұлттық салт-дәстүрінде тәрбиелеуде бірлесіп жұмыстар атқару мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында көптеген бірлескен шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<