Мерекелік құрмет

420

0

Күні кеше А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде халықаралық мүгедектер күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Еске сала кетейік, 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық мүгедектер күнін жыл сайын 3 желтоқсанда тойланады деп белгілеген болатын. Сол жылы ассамблея барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды осы күнді атап өтуде ынтымақтасуға шақырды.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік ахуалын арттыруда аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Ерекше адамдар, оның ішінде жастар үшін кедергісіз жағдайлар жасау, оларды жұмысқа орналастыруға көмектесу және белсенді өмір сүруге жәрдемдесу, жан-жақты қолдау – біздің ортақ парызымыз. Егер адамдардың жүрегінде жылу пайда болса, өмірге деген құштарлық оянып, үміт қайта жанданады. Ал біз оны одан әрі шыңдай түссек, мақсатымыздың орындалғаны деуге болады, – деді ол.

Шарада үкіметтік емес ұйымдар және жыл бойы әртүрлі салаларда жетістікке жеткен мүгедектігі бар азаматтар марапатталды. Олар «Үздік белсенді», «Үздік спортшы», «Үздік шығармашылық», «Мүгедек балалармен табысты жұмыс істеген үкіметтік емес ұйым» номинациялары бойынша марапатталды. Сондай-ақ, он жеңімпазға 100 мың теңгеден ақшалай сертификаттар табыс етілді. Бұдан бөлек, белсенділерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді.

– Мүгедектігі бар адамдарға қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік беретін мұндай іс-шаралар өте қажет. Олардың арасында талантты адамдар көп. Оларға осылай назар бөлгенде ғана жігерленіп, болашақ үшін күресіп, алға қарап өмір сүреді, өздерін қоғамға қажет сезінеді, – деді «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов.

Іс-шара соңында облыстық мүгедектер қоғамының мүшелері өнер көрсетіп, кеш мерекелік концертке ұласты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<