Негізгі өндірістік көрсеткіштерде өсім бар

190

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.

Президентке компанияның 2023 жылғы операциялық және қаржылық қызметінің қорытындысы туралы есеп берілді. Берілген мәліметтерге сәйкес, былтыр «ҚазМұнайГаз» 2022 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген.

Сондай-ақ Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарын дамыту ісі жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, Германияға және Әзербайжан бағытына «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы шикізат жеткізіле бастады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестермен бірлесіп, танкер флотын кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» теңіз жобасы мен ұлттық компанияның геологиялық барлау бағдарламасының қалай жүріп жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа «ҚазМұнайГаз» компаниясының кәсіпорындары орналасқан өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы айтылды. Мәселен, Президентке «Астрахан-Маңғышлақ» магистральді су құбырын қайта жаңғырту жобасының аяқталғаны (I кезең) және Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының қажеттілігі үшін жаңа су тұшыту зауытының құрылысы басталғаны жөнінде баяндалды.

Жаңа бағдарламаларды іске қосу маңызды

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаровты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің 2023 жылғы қызметінің нәтижесі, соның ішінде кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешеніне қолдау көрсету, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде есеп берілді. Былтыр холдинг активінің өсімі 12 пайыз болғаны туралы баяндалды. Компаниялар тобының инвестициялық және кредиттік портфелі 10 пайызға артқан. Ал таза табысы 7 пайызға жетіп, 400 миллиард теңгеден асқан.

Мемлекет басшысына былтыр холдинг арқылы 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені жөнінде баяндалды. Тұрғын үй секторына 317,6 миллиард теңге инвестиция салынған. «Отбасы банк» акционерлік қоғамының ипотекалық бағдарламалары аясында жалпы сомасы 1 триллион теңгеден астам қарыз берілді.

Кездесуде холдингтің 2024 жылға арналған бастамалары туралы айтылды. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені жобаларына 370 миллиард теңге инвестиция құю және 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу, өңдеу өнеркәсібін, туристік саланы қаржыландыру, қалдықтарды қайта өңдейтін және сұрыптайтын зауыттар салу, «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске қосу сияқты шаралар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бәйтерек» холдингінің бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде оның ел экономикасына қосатын үлесі жыл соңына қарай 2022 жылмен салыстырғанда екі есе артатыны жайында баяндалды.

Мемлекет басшысы экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа бағдарламаларды іске қосу және кешенді тәсілдерді қолдану маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар холдингтің экономиканы әртараптандыру және стратегиялық мәні зор салаларды дамыту бағытындағы жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<