Нұрым Сәлімгереев «Сыр барысы» атанды

1761

0

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Сыр елінің атынан қатысатын қос балуан белгілі болды. Талай рет топ жарып, тұғырға шыққан Нұрым Сәлімгереев пен Мақсат Исағабылов бұл жолы да бабында екенін байқатты. Енді олар 4 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін дүбірлі додада бақ сынайды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған қазақ күресінен XII облыстық «Алтын белбеу» сайысының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Үш кезеңнен тұратын «Алтын белбеудің» осы кезге дейін ауылдық, аудандық, қалалық кезеңдері өтіп, үздіктер іріктелген болатын. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы, облыстық «Қазақ күресі» федерациясының ұйымдастыруымен «Евразия» спорт кешеніндеөткен бұл бәсекеге Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 9 команда 200-ге жуық балуан қатысты. Олар үш жас ерекшелігі бойынша 26 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасты.

Балуандар бәсекесінің қызықты әрі тартысты бөлігі – түйе палуандар сайысы. Оған қатысқан 13 спортшы да осы кезге дейін түрлі деңгейдегі додаларда жеңіске жетіп, облыс мерейін асырып жүрген таңдаулы ұландар. Ақтық сында бұрын да «Сыр барысы» атанған білекті балуандар – Нұрым Сәлімгереев пен Мақсат Исағабылов күш сынасып, аралдық спортшының бабы келісіп, бағы жанды. «Сыр Барысы» атанған оның беліне «Алтын белбеу» белдігі байланып, 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. «Сыр Арланы» Қызылорда қаласының спортшылары – Мақсат Исағабыловқа 300 мың теңгенің, «Сыр Сұңқары» Ержан Абдуллаевқа 200 мың теңгенің сертификаты берілді.

Айта кету керек, бұл Нұрымның пандемия жарияланған бір жылдан астам уақыттан бергі бозкілемге шыққан алғашқы жарысы.

– Енді Мақсат бауырыммен бірге әйгілі турнирде облыс намысын қорғаймыз. Сыр елінің алтын белдігін «Қазақстан Барысының» алтын белдігіне айырбастауға бар күшімізді саламыз, – деді ол.

Ұлттық рухты көтеріп, төл спортты төрге шығарған «Қазақстан барысы» турниріне биыл – 10 жыл. Алты Алаштың делебесін қоздырып, алыс-жақын шетел халқы түгел көз тігіп, небір апайтөс алыптар жиналатын жоба алғаш Сыр өңірінен бастау алған болатын. «Алтын белбеу» атауымен өткен бұл сайыстың Қызылорда жерінде ұйымдастырылып келе жатқанына да биыл 12 жыл толды.

«Алтын белбеу» ауыл, аудандардағы шағын жарыстарда ғана бой көрсетіп, көбіне көпшілікке танылмай қалатын білекті де, жүректі жасөспірімдерді шаршы алаңға шығарды. Табанын құм, маңдайын күн сүйген ауыл балаларының жастайынан мығым, белдескенді атып ұратын шымыр болып өсетіні рас. Бүгінде ұлттық спорт сайыпқырандарының бірқатары – Сыр елінің перзенттері. Олар қазір аймақтың ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатып жүр. Айталық, Мақсат Исағабылов қазақ күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы, Әлем барысы турнирінің күміс жүлдегері болса, Нұрым Сәлімгереев жастар арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы, Әлем чемпионы.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<