ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

307

0

Арал ауданында күні кеше Қызылорда облыстық маслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті.

Аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Райкүл Байназарова, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, жергілікті мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, денсаулық сақтау саласы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдайлар саласының басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, лагерь басшылары қатысты.

Көшпелі отырыстың күн тәртібінде өзекті деген екі мәселе талқыланды. Атап айтқанда, жалпы орта білім беретін мектептердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы және жазғы тынығу легерлерінің жай-күйі мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы жөнінде.

Қоғамдағы білім беру үдерісінің жағдайын, нәтижесін, сондай-ақ, жеке тұлғаның кәсіптілігінің қалыптасуы мен даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категорияның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы ретте, білім алушылар көрсеткішінің жыл сайынғы динамикасыкүн тәртібінен түспей, ҰБТ-ға дайындық барысы бірнеше рет облыс, аудан әкімдіктері жанындағы мәжілісте қаралып, нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, жалпы аудан бойынша 830 түлек мектеп бітіретін болса, олардың 454-і ҰБТ-ге қатысуға ниет білдірген. Түлектердің 43-і «Алтын белгіге» үміткер , 17 оқушы – «Үздік аттестатқа»  ұсынылып отыр.

Осы орайда, аталған мәселе турасында аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова арнайы хабарлама жасап, аудандық білім бөлімі тарапынан ҰБТ-ге дайындық барысын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар, күн тәртібіне ұсынылған екінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы қазіргі таңда     аудан оқушыларын сауықтыру үшін қажетті жағдайларды жасау, олардың демалыс мезгілдерін жаңаша қолдану және мәдениетін қалыптастыру, денсаулығын, шығармашылық еңбегін, қабілеттілігін арттыруда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын баяндады. Атап айтқанда, Биылғы жылы ауданда 1-10 сынып аралығындағы 15053 баланысауықтырумен, үйірмелермен және жұмыспен қамту жұмыстары жоспарлануда. Оның ішінде:

-«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына – 468балаға жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен 15 млн теңге;

-мектеп жанындағы 44 мектепте ашылатын күндізгі лагерлерде ыстық тамақпен 2189 балаға жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан 7 млн  613 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар:

– 17 мектепте шатырлы  лагерлер ұйымдастырып, оған 800 бала қамтуды;

-ауданнан тыс лагерлерге – 450 бала, яғни, ата-аналар, мекемелердің кәсіподағы, демеушілер есебінен қамтылатындар және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына және үздік оқушыларға  тегін жолдамалармен қамтылатындар; Бұдан өзге:

– бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, оның ішінде көркейту-көгалдандыруға – 769 бала, ақылы жұмыспен-50 бала,экскурсияға – 2277, аулалық клубқа – 1860 бала;

-мектеп жанындағы ыстық тамақсыз лагерге (үйірмелерге)- 6840 бала. Яғни, барлық шаралармен 1-10 сынып аралығындағы оқушылар толық қамтылатын болады деп жоспарланған. Осы орайда, жазғы сауықтыру лагерлеріне бірінші кезекте  жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және  көп балалы отбасы балалары және қолайсыз отбасы балалары мен құқық бұзушылықпен есепке алынған оқушыларды қамту басты назарда.

Аудандық білім бөлімі тарапынан жоспарланған осы мәліметтер төңірегінде біршама талқылаулар жүргізіліп, қорытындысында аудан басшысы аудан оқушыларының жазғы демелысын ұйымдастыруға барынша атсалысу қажеттігін ескертіп, соның ішінде, әсіресе, ауыл балаларына қолдау таныту керектігін тілге тиек етті. Осы бағытта тиісті сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<