Облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы тағайындалды

643

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы таныстырылды.

Бірыңғай конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы қызметіне Қалиев Ғанижан Піртазаұлы тағайындалды.

Облыс әкімі басқарма басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

– Ғанижан Піртазаұлы осы кезге дейін жинақтаған мол тәжірибесі мен білімін күрделі де жауапты қызметке арнап, өңірдегі кәсіпорындарда ұжымдық еңбек дауларының алдын алуына, еңбекақы қарыздарын болдырмау шараларын уақытылы қадағалап, жұмысшылар құқығының сақталуына, аймақтың ажарын ашатын сәулет-құрылыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуына бақылау жасап, әділетті әрі заң үстемдігіне қызмет етеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев сөз алып, басқарма басшысын жаңа қызметімен құттықтады.

Ғанижан Қалиев 1970 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «Экономист» және Қазтұтынуодағының Қарағанды экономика университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің бақылаушы-ревизоры ретінде бастаған.

1992-2003 жылдары Қаржы министрлігіне қарасты комитеттерінде бас бақылаушы-тексеруші, бөлім бастығы қызметтерін атқарған.

2003-2010 жылдары Әділет министрлігінің
Қаржы департаменті директорының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының қаржы-бақылау бөлімінің меңгерушісі.

2010-2016 жылдары Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша инспекциясының басшысы.

2016-2019 жылдары Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарған.

2019 жылдан осы кезге дейін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарып келген.

Қызылорда облысы

әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<