Өлең сөздің зергері

605

0

Биыл Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 155 жыл толып отыр.

Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақұм өңірін жайлаған орта дәулетті кісі болған. Салқынбайдан Жадыра, Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек туады. Тұрымбет жырау – бала кезінен домбыра тартып, ән айтқан, сөзге жүйрік болған кісі. Жастайынан ескіше оқып, ауыл молдасынан сауат ашқан. Ол өлеңді табанда шығарып айтуға шебер болған. Бертін келе бала жырау терме, толғау, т.б. ұзақ жырларды айтумен қатар, Шығыстың қисса-дастандарын мақамына келтіріп орындайды.

Облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Тұрымбет Салқынбайұлының 155 жылдығына арналған «Өлең сөздің зергері» атты  дәстүрлі орындаушылардың концерті өтті.

Жыр жәрмеңкесінде Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (дирижері Руслан Балмасов), Тұрымбет жыраудың немересі Жарқынбек Тұрымбетов, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Бимбетова, Әділхан Қуаңбаев, Марат Сүгірбай, Зүлфия Баймырза және Бексұлтан Орынбасар өнер көрсетті.

Тұрымбет жыраудың ән шақыруы мен қайырымдарындағы иірімдерін тыңдағанда ерекшелік байқалады. Жыраудың немересі Жарқынбек Тұрымбетов осы мақамның ерекшеліктерін лекция-концертте көрсетті.

Шарада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі  «Күмісайжан», «Тұрымбеттің жыр-күйі» атты туындыларды тарту етсе, жыршылар шайыр шығармаларын нақышына келтіре орындап шықты.

Кеш қорытындысында барлық өнерпаздарды Тұрымбет атындағы қор директоры Роза Салқынбаева Алғыс хатпен марапаттады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<