Пәкістан мен Ауғанстанда су тасқыны салдарынан 135 адам қаза тапты

217

0

Фото: cbsnews.com

Пәкістан мен Ауғанстанда қолайсыз күн райы жүздеген адамның өмірін қиды. Негізінен пәкістандық фермерлер бидай орып жатқан кезде үстіне жай түсіп, қаза болды, деп хабарлайды CBS News.

Пәкістанның түрлі аймақтарында 71 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алды. Ең көп зардап шеккен аймақ – елдің солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясы. Тұрғын ғимараттардың опырылуы салдарынан онда 32 адам қаза тапты. 

Хайбер-Пахтунхвада қаза тапқандардың арасында 15 бала мен бес әйел бар, тағы 41-і жарақат алған. 1370 үй зардап шекті. 

Елдің шығысындағы Пенджаб провинциясында 23 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында 8 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Кашмирдің Пәкістанның бақылауындағы бөлігінде де күрделі жағдай орын алған. 8 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды, 47 үй қирады.

Синоптиктердің болжамынша, 29 сәуірге дейін елде қатты жаңбыр жауады. 

Ауғанстанда табиғи құбылыс салдарынан қаза тапқандар саны 66 адамнан асты. 600-ге жуық үй қирап қалды. Су тасқыны мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптарын зақымдады. Құтқару жұмыстары жалғасуда. Бір күн бұрын елде жауаған жауын-шашын мөлшері жылдық нормаға жетті. Су тасқыны салдарынан ел астанасы Кабул мен басқа 20 провинция зардап шекті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<