Президент Үкіметті отставкаға жіберді

300

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлық мәтінінде былай делінген:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын.

2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Роман Васильевич Склярға жүктелсін.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра берсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Басқарма төрағасын қабылдады

Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады.

Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіптің» былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп беріліп, компанияның қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған мақсаттары мен жоспарлары таныстырылды.

Президентке өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өнімдерін өндіру көлемі 21 мың тоннадан, ал сату көрсеткіші 18 мың тоннадан асқаны жөнінде баяндалды. Мейіржан Юсуповтың айтуынша, 2023 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданған уран өнімдерінің үлесі айтарлықтай артқан. Қазақстаннан батыс елдеріне жөнелтілген уранның 64 пайызы осы транзит дәлізі арқылы тасымалданған.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар, сондай-ақ өндіріс орындары орналасқан өңірлерді дамытуға және қолдауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар Президентке минералдық-шикізаттық базаны кеңейту және толықтыру жұмыстары жайында айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<