Профессордың атына көше берілді

644

0

                    

Қызылорда қаласында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жеңіс Зағиұлы Өтемісовтің атына көше берілді. Шаһардағы Сәулет – 12 көшесі енді ғалымның есімімен аталады. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы хабарлады.

Салтанатты шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Уразбаев білім беру саласында елеулі еңбек еткен тұлғалардың есімін ұлықтау, ғылыми мұрасын насихаттау дәстүрге айналғанын атап өтті.  Сыр өңірінде білім мен өнер саласының дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі – «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», педагогика ғылымдарының кандидаты,  профессор Өтемісов Жеңіс Зағиұлы.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 3 ақпандағы қорытындысына сәйкес, облыстық мәслихат шешімімен Қызылорда қаласында Өтемісов Жеңіс Зағиұлының атына көше берілді.

Профессор Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 20 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарды. Соның ішінде 12 жыл бойы «Музыкалық педагогика» факультетінің деканы, 4 жылға жуық  «Музыкалық аспаптар» кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті, – деді Нұрлан Жеткергенұлы.

Салтанатты шарада зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар мен жақын туыстары ғалым туралы естеліктер айтып, «Сыр сұлуы» ансамблі өнер көрсетті.

Жеңіс Сағиұлы – тәжірибелі режиссер. Ол ұзақ жылдар бойы университетте ғана емес, Қызылорда облысы бойынша түрлі мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Ғалым 2003 жылы халықаралық педагогикалық  білім академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды.

Жеңіс Зағиұлы 1980 жылы Қазақстанның 60 жылдық мерейтойын өткізген еңбегі үшін облыстық Советтің Құрмет грамотасымен, 1988 жылы «Облыстың үздік режиссері», 1996 жылы Қызылорда облысының Алматыдағы мәдениет және өнер күндерін өткізуге белсене қатысқаны үшін республикалық мақтау грамоталарымен марапатталды. 1992 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді. 2003 жылы VI халықаралық «Шабыт» фестивалінде Қазақстанның өнер шығармашылығын толық көрсете алғаны үшін марапатталды. 2006 жылы «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.

Бүгінде ғалымның шәкірттері еліміздің әр аймағында табысты еңбек етуде. Олардың қатарында елге еңбегі сіңген артистер мен қайраткерлер, мемлекеттік марапат иелері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары бар.

«СБ» ақпарат

                                  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<