Қаламгерлер аллеясы құлпыра түспек

2147

0

2021 жылы Қызылорда қаласының әкімі болған Ғанибек Қазантаев БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген сәтте қаламгерлер аллеясын ашу туралы тілшілерден ұсыныс алған еді. Себебі 2019 жылы елордада қаламгерлер аллеясының ашылғанын Сыр журналистері естіп жүрді. Айтылған сөзге мән берген Ғ.Қазантаев сол кезде қаламгерлерге құрметі ретінде аллея ашуға ниеттенді. Осылайша қалалық әкімдік жанындағы Қалтай Мұхамеджанов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіровтің ескерткіші орналасқан аумақтан аллея ашып, салтанатты түрде тұсау кесу рәсімін жасады.

Шарада сөйлеген шайыр Шәкизада Әбдікәрімов:

– Бүгін менің еңсем тік,

Көңілдердің көкжиегін кең серпіп.

Ертең мұнда жыр оқиды ақындар,

Әкімияттың төрт бұрышын теңселтіп.

Жыр оқиды буырқанып, бұрқырай,

Ел мұңымен сай-сүйегі сырқырай.

Сонда деймін терезеден шенділер,

Мойнын созып қарап тұрса,      шіркін-ай!

– деп, шабыттанып, өлеңнен өрнек өрген еді.

«Аты бар да заты жоқ саябақ» деп сынға алған желі қолданушылары осы кезге дейін ұлардай шулап келді. Шәкеңнен кейін көз тиді ме, ақындар өлең де оқыған жоқ, шенділер мойнын да созған жоқ. Ақындардың арқасын қоздырып өлең шыққан аллеяның аркасы да артынша жоқ болып кетіп, орнын сипап қалдық. «Жас ақындардың жыр оқитын орны, журналистердің ой сергітетін саябағы сөз жүзінде ғана қалды ма?» деп қапа болғанымыз рас. Әйткенмен, билікте ауыс-түйіс болып, қала басшылығына А.Шәменов келді. Жаңа әкіммен кездескен сәтте осы жайды журналистер құлағына салған-ды. Қала әкімі Асылбек Шәменов журналистерге көңілінің түзу екенін, аллеяны қалпына келтіретінін айтқан болатын. Арада біраз уақыт өтті.

Қыс кетіп, көктем келіп, жаз жетті. Көшеде көгалдыру жұмыстары қызып жатқан кезде аллея маңында да жұмыс жанданып жатқанын көзіміз шалып қалды. Сұрастырғанымызда, жан-жағын абаттандырып, бұл жерді қаламгерлердің демалыс орнына айналдырмақшы екен. Шәкең ақын бастаған үлкен-кішісі келіп, өлең оқуға да, шахмат, дойбы тартысына түсуге де мүмкіндік берілмекші. Бұл қала әкімінің қаламгерлерге көрсеткен құрметі деп түсіндік.

Қаралған қаржы да қомақты, 2023 жылы сквер-аллеяларды күтіп ұстауға әуелде 75,4 млн теңге бөлініпті. Аллеяларды күтіп ұстау жұмыстарына сырлау, әктеу, мраморларды қалыпқа келтіру және ауыстыру, қоршауларды жуу, бояу, орындық пен қоқыс жәшіктерін жөндеу, бояу, кеспетастар мен жиектастарды қалыпқа келтіру, аллеялардағы аумақты тазалау, ағаштарды әктеу жұмыстары жатады.

– Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, қазіргі таңда «РеалСтройСнаб» ЖШС жеңімпаз атанып, жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.

Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы коммуналдық нысандарды күтіп ұстауға қалалық бюджеттен қосымша 146,5 млн теңге қаражат бөлінді, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Д.Бақтияров.

Осы аталған қаражат көзі Ы.Жақаев көшесінің бойында орналасқан қаламгерлер аллеясын, Тоқмағамбетов көшесі бойында А.Иманов ескерткішін ағымдағы жөндеуге және қаладағы коммуналдық нысандардың сыртқы келбетін безендіруге бөлінген.

Оның ішінде, Жақаев көшесінің бойында орналасқан қаламгерлер аллеясына 42,1 млн теңге қаражат бөлініпті. Қаралған қаражатқа темір пішінді кіші архитектуралық формалар, мраморлық плиткалар, сәндік (декаративный) орындықтар, әткеншектер және басқа да жұмыстар орындалады. Оған қоса аллеяға ақын Шөмішбай Сариевтің ескерткіш-бюсті қойылады екен.

Руханият өкілдері көптен күткен аллея 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мерекесіне орай ашылып, халық игілігіне берілетін болады.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<