Қарияларға арналған алаң

492

0

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында»  өткен «Қарты бар елдің, қазынасы бар!» атты мерекелік жиын қарияларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Жүздері жадырап, өздеріне деген ыстық ықылас пен  шынайы құрметті толқыған көңілмен қабыл алды.

Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Жақсылықұлы, сонымен қатар, демеушілер – облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, подполковник Шаймерден Тажіқұлұлы, «Даулет Азия» ЖШС директоры Талғат Сәбитұлы және «Үміт» ЖК директоры Айгүл Әділханқызы қатысып, мерекелік құттықтау лебіздерін білдірді. Мекеме тарапынан демеушілерге «Алғыс хат» табыс етілді.

Айта кетейік, шара аясында қариялардың белсенді әрі ұзақ өмір сүруі үшін спорт алаңы пайдалануға берілді. Оған облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы конкурс жарияланған болатын. Нәтижесінде, «Қасиет LTD» ЖШС жеңімпаз деп танылып, ғимарат алаңына 9 түрлі аула тренажерлары мен арнайы жүгіру жолы және тынығуға арналған орындықтар қойып берді.

Еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етіп, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмір кешуіне үлес қосқан қариялар мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа риза екенін айтады. Осы орталықтың тұрғыны, тыл ардагері Ереже Исабаев мұнда қариялар үшін барынша қолайлы жағдай жасалғанын айтады. Мерекеде ыстық ықылас пен құрмет-қошеметті сезініп, бір марқайып қалған қариялар ең алдымен елдің амандығына тілекші.

Мерекеде «Алтын  күз-2021»  жәрмеңкесі сипатында түрлі  ұлт  өкілдерінің  тағамдары ұсынылып, қонақтар мен шараға қатысушыларға ыстық бауырсақ таратылды. Облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<