Қармақшы: 100 отбасы баспана иеленеді

710

0

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықтың баспанамен қамтылу деңгейінде ілгерілеу бар. Бұл – облыс орталығына ғана емес, аудандарға да тән тенденция. Қармақшы ауданына сапар барысында бұған тағы көз жеткіздік. Мұнда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап арнайы бағдарлама жүзеге асуда. Нәтижесінде жыл сайын үй кезегіне тұрған азаматтар саны азайып, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артуда.

Реті келгенде баспанамен қамтудың «қармақшылық моделін» талдап, ауданның алдағы жоспарын саралау орынды.

Қызығы, Қармақшы ауданында мемлекет тарапынан салынып жатқан тұрғын үй жоқ. Тіпті соңғы рет қай жылы баспана құрылысы жүргізілгені белгісіз. Осы орайда «Сонда аймақ баспана мәселесін қалай шешіп отыр?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Жауабы кәсіпкер мен билік байланысында жатыр. Нақтырақ айтсақ, әкімдік кәсіпкерлерге жеке қаражаты есебінен тұрғын үй салуға ұсыныс жасайды. Кейін баспана дайын болған соң Үкімет ол үйді кәсіпкерден сатып алады. Әрине, ақылға қонымды нарық бағасымен. Кейінгі қадам түсінікті. Кәсіпкерден ақысын беріп алған баспананы үй кезегінде тұрғандарға үлестіреді.

Мұнда да талап-ереже, жауапкершілігі бар. Себебі қаржы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінеді. Олай дейтініміз, тұрғын үйлер «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде сатып алынады. Қаржы да сол бағдарлама арқылы келмек. Жобаның «Тұрғын үй саласындағы іс-шараларды іске асыру» тармағы аталған бастаманы іске асыруға құқықтық және қаржылық мүмкіндік беруде. Мәселен, өткен жылы бағдарлама аясында Ұлттық қордан Қармақшы ауданына 480 млн теңге қаржы бөлінген. Оған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға 50 тұрғын үй сатып алынды. Міне, дәстүрге айналған бастама биыл да жалғаспақ.

Өткен жылы бағдарлама игілігін көргендердің қатарында Марина Назарымбетова да бар. Ол 2020 жылы үй кезегіне тұрып, үш жылдан соң баспаналы болды. Бүгінде қармақшылық тұрғын дән риза. Жайлы баспанада барлық жағдай жасалғанын қоса кетті.

– Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Табысым тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жетпейді. Сондықтан бар үмітім билікте еді. Аудан әкімдігінен баспаналы болатынымызды естігенде қуанышымда шек болмады. Қанша жыл армандаған тұрғын үйге бір-ақ сәтте қол жеткіздім. Бағдарламаның жүзеге асуына септігін тигізген ел азаматтарына алғысым шексіз, – деді тұрғын.

Айта кетейік, салынған үйлер бір қабатты, кең ауласы бар. Жеке адам салса, оншақты миллион теңге шығындайтыны сөзсіз. Кәсіпкерлер де құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, тиісті техникалық талаптарды сақтаған. Жұмыстарды бақылаған арнайы комиссия құрылыс барысын жіті қадағалап, алдын ала әзірленген жобадан ауытқымауды қамтамасыз етіпті. Бүгінде әр пәтердің орташа аумағы 60 шаршы метрді құрап, еңселі үйлер бой көтерген.

Биыл да бастама жалғасын таппақ. Тек ауқым ұлғайған, жобада өзгеріс бар. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін 100 отбасы баспаналы болады. Бағдарламаға мемлекеттен 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазіргі таңда белгіленген меженің жарымы бітіп, кәсіпкерлер қарқынды еңбек етуде.

Сондай-ақ салынатын тұрғын үйлерге бір аумақтан орын берілген. Бұл инфрақұрылым жеткізу, кәсіпкерлерді бақылау, жаңа шағын аудан қалыптастыру мақсатында жасалған қадам екен. Алдағы уақытта ықшам аудан көлемін ұлғайтып, жобаны жалғастыру көзделген.

Жол түсіп, құрылыс барысын бақылауға мүмкіндік туды. Мұнда күн-түні жұмыс қызу екені байқалады. Үй салуды міндетіне алған 5 кәсіпкер жұмысты бақылап, құрылысшыларға қажетті шикізатты жеткізуді жолға қойған. Бұл мақсатта аудандағы құрылыс тауарларын өндіретін кәсіпкерлермен байланыс орнатып, керек құрылыс затын  ішкі нарықтан алуға басымдық беруде.

Үйдің жобалық сызбасы да ерекше. Әрбір екі үй жапсарлас салынған, яғни бір нысанда қос үй қатар орналасады. Кәсіпкерлердің сөзінше, бұл әдіс жер көлемін тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Алайда бұл жайлы өмір сүруге кедергі емес. Бөлмелер кең, терезе еңселі. Аула қоршалып, инфрақұрылым толық жүргізілсе, қолайлы мекенге айналмақ.

Айта кетейік, аудан әкімдігі тұрғын үйлерді ауызсумен қамтуды қолға алыпты. Ал «көгілдір отын» жеткізуді демеуші есебінен жүргізу жоспарлануда.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Қармақшы-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<