Қармақшының қарқыны қандай?

483

0

Биыл Қармақшы ауданында 18 жоба іске асырылады. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Бұл жобалардың ішінде ауызсу тарту, білім мен денсаулық және спорт саласы, жол жөндеу бойынша, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар бар.

Қармақшының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын жоқ емес. Бірінші жартыжылдықта аудан бюджеті 102,9 процентті құрап, барлық шығыс жоспары толық орындалған. Ал өнеркәсіп саласына қатысты кәсіпорындар 1 млрд 659 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Осы және өзге де атқарылған жұмыстарды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов айтып берді.

Қармақшыда құрылыс қарқыны жақсы. Қазір «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ақай елді мекені мен Жосалы кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешені де биыл аяқталады. Шеткі елді мекеннің бірі – Қуаңдарияда 100 орындық клуб та салынып жатыр. Жалпы аудан көлемінде 14 нысанның құрылысы жүруде, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен 3 нысанның құрылысын бастау жоспарланған.

Биыл облыстық бюджет есебінен Төретам мен Ақай елді мекендеріне газ тарту үшін  жоба әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Бұған 2 млрд, 400 млн теңгеге жуықтайтын ақша керек. Қазір газдандыру жұмысын бастау үшін республикалық бюджеттен Төретам кентіне 300 млн, Ақай ауылына 300 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы шықты. Мердігермен келісім-шартқа отыру жұмысы жүруде. Ерекше жаңалық, Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан, ауданға қарасты 10 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен жоба-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Қармақшы егінімен көзге түсіп жүрген аудан. Биыл 24326 гектар алаңға егін егілген еді. Оның ішінде күріш көлемі 12773 гектар (былтыр 13 156 гектар еді). Су тапшылығынан күріш гектарын қысқартқаны белгілі. Тапшылық демекші, осыған қатысты қашыртқы суын пайдалану үшін егістікті суаруға 39 және есік алдында, аулада еккен көкөніс, жеміс-жидекті суаруға 18, барлығы 57 су насосы тұрақты жұмыс істеп тұр.

– Биыл 4 мың гектар  жоңышқа орылып, оның әр гектарынан орташа 19,8 центнерден өнім жиналды. Бүгінде жоңышқаның екінші орымын ору және жинау жұмыстары жүруде. Ауданда су тапшылығының алдын алу мақсатында қашыртқы суды қайта пайдалану және егінге су жеткізу үшін 57 дана насос қондырғысы қойылды. Ал мал шаруашылығы 6,8 процентке артты. Ауданда төрт түлік санын арттыруға байланысты жұмыстар атқарылуда, – деді журналистерге аудан әкімі.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Тұрғындарды картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету» туралы тапсырмасы бойынша Қармақшыда қосымша 316 гектар бақшалық жер дайындалған еді. Оның ішінде картоп 75, көкөніс 43, бақша 198 гектар. Арнайы дайындалған жерге 837 отбасы егін еккен.

Көпшілікті алаңдатып жүрген Қармақшыдағы бір мәселе – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы құрылысы. Ә.Ерсұлтановтың айтуынша, индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ірі жобаның бірі саналатын кәсіпорын жыл аяғына дейін іске қосылады.

– Фабрика ғимараты бітті, қазір шет мемлекеттерден жабдықтар алынып жатыр. Жобаны іске қосу жыл аяғына жоспарланған, сол уақытта 200 адам жұмысқа алынады. Екінші жобамыз «Тұрған тамы» шаруа қожалығының балық өңдеу цехы да биыл жұмысын бастайды. Ал аудандағы индустриялық аймақтың жалпы ауданы 15 гектар. Мұнда  өндіріс орындарын дамытуға кәсіпорындарға жер телімдері берілген. Қазір «МИР-2001» ЖШС бетон бұйымдарын өндіру өндірісі  жұмыс істеуде. Онда 5 адам тұрақты жұмысқа алынғанмен, маусымдық кезеңде 35 адамға дейін жұмыс істейді, – деді аудан әкімі.

Қармақшыда облыс әкімінің тапсырмасымен «1 маусым – Балалар күні» мерекесі қарсаңында 1 млн теңгеге 50 балаға демеушілер есебінен велосипед берілген. Одан бөлек, аудан бойынша 5 ойын алаңы демеушілер есебінен салынуда. Бұдан өзге аудан еріктілері белсенді түрде жұмыс істейді. Олар 2 жыл көлемінде көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрмыс жағдайы төмен, тұрғын үйге аса мұқтаждарға 16 баспана табыстапты.

Ауданның спорт саласында да жетістігі мол. Облыс мақтанышы болған Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы – 2022» турнирінде бас жүлдені алды. 11 рет ұйымдастырылған додада осымен екінші рет қармақшылық спортшы (біріншісі Еламан Ерғалиев) жеңімпаз атанып отыр. Тағы бір ерекше жаңалық, жасөспірімдер арасында Мексикада өткен әлем чемпионатында қармақшылық Ерасыл Саулебеков зілтемір көтеруден әлем чемпионы атанды.

Айта кету керек, Қармақшыда күз айларында Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын атап өту жоспарлануда. Аудан орталығында республикалық деңгейде айтыс және жыраулар фестивалі ұйымдастырылмақ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<