«ҚазМұнайГаз» IPO-сы: Бір акция –  8 406 теңге

540

0

Таяуда «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жай акцияларын алғаш рет жария түрде сатуға шығаратынын хабарлады. Енді әр қазақстандық IPO-ға қатысып, акция иесі атана алады. Осыған байланысты, IPO аясында роудшоу басталды. Жергілікті AIX биржасында және Қазақстан қор биржасында ұсынылған «ҚазМұнайГаз» IPO-сын кеңінен таныстыру мақсатында өңірлерде жеке инвесторлармен кездесулер өткізілуде.

Сондай жиынның бірі облыс орталығындағы «Прима Парк» бизнес орталығында өтіп, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдері бөлшек сауда инвесторларымен кездесті. Жиында «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы мен Қазақстан қор биржасына шыққан «ҚазМұнайГаздың» жергілікті IPO-сы жан-жақты және кеңінен таныстырылды.

Кездесуде «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің аға менеджері Дамир Мамытов қордың жекешелендіру бағдарламасы мен ірі ұлттық компаниялардың IPO-сы туралы айтты.

– «ҚазМұнайГаз» IPO-сы – Үкімет бекіткен «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында өткізілуде. Үкімет пен қордың «ҚазМұнайГаз» акцияларының бір бөлігін еркін нарықта сату туралы шешімі әлеуетті инвесторларға компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді, Қазақстандағы бағалы қағаздар және қор биржалары нарығының дамуына ықпал етеді. Мақсат – мемлекеттің үлесін азайту. Қор «ҚазМұнайГаздан» кейін басқа да ұлттық компаниялардың IPO-сын жоспарлап отыр. Айталық, 2023-2024 жылдары «Air Astana» мен «Самұрық-Қазына» активтерінің жасыл портфелі, «KEGOC» АҚ компаниясы шығады. Ал 2024-2025 жылдары «QazaqGaz» компаниясы, 2025 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы шығатын болады, – деді Дамир Мамытов.

Айта кетсек, 7 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жай акцияларын алғаш рет жария түрде сатуға ұсынып, IPO-ға шығатынын мәлімдеген еді. Үкімет пен қордың шешіміне сәйкес, IPO шеңберінде қор нарығындағы инвесторларға компанияның 5 пайызға дейінгі үлесін, яғни 30 505 974 акцияны сату ұсынылды.

«ҚазМұнайГаз» IPO-ға жоғары өндірістік және тұрақты қаржылық көрсеткіштермен келді. Алдағы уақытта бұл нәтижені жүзеге асып жатқан жобалар есебінен одан әрі жақсарту көзделген. Компанияның 100 пайыз акциясы 5,1 трлн теңгеге бағаланды. Сонда бір жай акцияның бағасы 8 406 теңгеден айналады.

Кездесуде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қаржы департаментінің маманы Нұрдәулет Нұрыш соңғы бірнеше жылдағы компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштерін баяндады.

– «ҚазМұнайГаздың» тұрақты қаржылық көрсеткіштері төленген дивиденд көлемін 2016 жылдың қорытындысы бойынша 45 млрд теңгеден 2021 жылы 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар компания болашақта акциялар құнының өсуіне себеп болатын бірегей жобаларға ие. Мұндай жобалардың қатарында «Теңіз»  кен орнында өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік беретін Болашақ кеңейту жобасы, сондай-ақ «Қашағанда»  өндірісті ұлғайту бойынша жобалар бар, – деді ол.

Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау саласында құрлықта да, теңізде де бірқатар жобаны белсенді жүргізіп келеді. Мұндай жобаларға «Торғай»  палеозой блогында басталған геологиялық барлау, «Қаратон-Сарықамыс»  геологиялық барлау жобалары және басқалары кіреді.

Ұлттық компания Каспий теңізінің қайраңындағы барлық барлау жобасына қатысады. Тәуекелдер мен шығындарды бөлу мақсатында халықаралық әріптестермен бірлесіп әзірленіп жатқан Абай, Исатай, Жеңіс, Әл Фараби сияқты теңіз жобаларын да атап өтуге болады. Сондай-ақ Қаламқас және Хазар секілді теңіз кен орындары бар. Олардың мұнай қоры расталған, игеруді бастау алдағы жылдарға жоспарланған.

– Компания бизнесінің өсуі үшін тағы бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы. Бұл бағытта биыл қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттар салу жоспарлануда. Еске сала кетейік, осы жылдың 13 маусымында «ҚазМұнайГаз» «Самұрық-Қазына» қорынан «Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк» ЖШС-ның 49,5 пайыз үлесін сатып алды. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» дайын полипропиленді сатудан түскен табыстың бір бөлігіне ие болады. Бұл компанияның қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етпек, – деді Нұрдәулет Нұрыш.

Айта кетсек, бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100% акциясы 5,1 трлн теңгеге бағалануда. Шоғырландырылған активтері 32 млрд долларға тең. Бірінші жартыжылдықтағы таза пайда 677 млрд теңгені құрады. Компания қоржынында қазірдің өзінде өндіру, тасымал және мұнай өңдеу бойынша бірегей жобалар бар. Компания акцияларын брокерлер және олардың мобильді қосымшалары, бірқатар коммерциялық банктің мобильді қосымшалары, AIX биржасының Tabys қосымшасы және «Қазпошта» бөлімшелері арқылы сатып алуға болады.

Сондай-ақ, кездесуде «SkyBridge Invest» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің бас менеджері Нургуль Амирханова, «Фридом Финанс» АҚ-ның Қызылорда қаласындағы филиалдың өңірлік директоры Берік Сыдық сөз сөйледі. Спикерлер «ҚазМұнайГаз» қызметі, инвестициялық тартымдылық факторлары және компанияның дивиденд бойынша саясаты туралы толық ақпарат, сондай-ақ IPO шеңберінде акцияларды ұсыну шарттары мен оларды сатып алуға өтінім беру рәсімі туралы мәлімет берді.

Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 2022 жылы 9 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 12:00-де басталды және институционалды инвесторлар үшін 2022 жылы 30 қарашада сағат 18:00-де, ал бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылы 2 желтоқсанда Астана уақыты бойынша сағат 15:00-де аяқталады.

Азаматтар акцияларды шығарған компаниядан оларды тікелей сатып ала алмайды. Ол үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар инвестициялық делдалдарға, мысалы, брокерлер мен дилерлерге жүгіну қажет.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін кейбір қаржы ұйымдары биржадағы компаниялардың акцияларын өздерінің мобильді қосымшалары арқылы, шот ашып, оны толтыру, қағаздарды сатып алу-сату, соманы өз шоттарының арасында конвертациялау және басқа да мүмкіндіктермен сатып алуды ұсынады. Интернеті үнемі бола бермейтін, еліміздің шалғай өңірлерінде тұратын инвесторлар «Қазпошта» АҚ-ға жүгіне алады.

Жиында алаяқтық тәуекелдері туралы да айтылды. Бүгінде жалған брокерлер IPO-ның жүргізілуін өздерінің теріс пиғылдарына пайдаланып, әртүрлі алдау схемаларын ойлап табуда. Сондықтан IPO-ға қатысты барлық мәліметті тек ресми ақпарат көздерінен алған дұрыс.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<