Қолайлы орта әрбір адам үшін маңызды

809

0

Өткен айда облыс әкімінің жастармен кездесуінде «Жылы жүрек жастар» ҚБ-ның жетекшісі Сағатбек Сиюов мүгедектігі бар жандардың мәселесін қозғап, аймақ басшысына әлеуметтік нысандардағы пандустардың қолайлылығын бақылау үшін қаладағы ғимараттарды бірге аралауға ұсыныс жасады. Облыс басшысы көтерілген ұсыныстың өзекті екенін алға тартып, Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, мүгедектігі бар азаматтар үшін жасалған жағдайды көрді.

Облыс әкімі орталық алаңда облыстық сот ғимараты жанындағы тротуарға шығатын пандус жоқ екенін және Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрға көтерілетін пандус биік екенін айтып, жауапты басқарма басшыларына кемшіліктерді қалыпқа келтіру бойынша тапсырма берді.

Мұнан кейін «Bauyrdaq» фастфуд орталығы мен «Europharma» дәріханасы назарға алынды. Фасфуд орталығына кіреберісте пандус орнатылмаған, дәріханада тым биік жасалған.

Сондай-ақ, облыс әкімі Тәуелсіздік даңғылында орнатылған пандустардың жағдайын бағамдады.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде де орналастырылған пандус биік және сүйеніш темірі (перила) жоқ. Мұндай кемшіліктерге жол берілмеу қажет. Пандустар азаматтардың қимыл-қозғалысына қолайлы болу керек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау – біздің міндетіміз. Азаматтарымыз өз еріктерімен кедергісіз қозғалу керек. Кемшіліктерді кезең-кезеңімен қалыпқа келтіруді тапсырамын, бұл жұмыстар бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.

Осылайша, қала әкімі мен тиісті басқарма басшысына міндет жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<