Қызылорда «сары» аймаққа енді

489

0

Өңірде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы күрделеніп барады. Мамандардың айтуынша, оған басты себеп – азаматтардың сақтық шараларына салғырт қарап, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындамауы.

Мәселен,  кешегі мәлімет бо­йынша өңірде 125 адам коро­навирус инфекциясын жұқ­тырған. Қазір облыс елі­міз­дегі эпидемиологиялық ахуалды баға­лау матрицасында «сары» аймаққа енді. Жаңа жылдың алғашқы он күнінде 200 тұр­ғыннан індет анықталған. Мамандардың айтуынша, бұл өткен желтоқсан айындағы барлық тіркелген деректен 28 процентке жо­ғары. Тәуліктік көрсеткіш те жылдам  көтерілуде.

Жалпы 2020 жылдың нау­рыз айынан бері облыста коронавирус жұқтырған 19759 нау­қас тіркеліп, олардың 18969-ы жазылып шыққан.

– Аймақта жұқпалылығы жо­ғары «омикрон» шта­мы­ның болуы ықтимал деген болжам бар. Өңірде құрылған 167 мониторингтік топ тұрғындардың және кәсіпкерлік нысандарда карантин талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда. Әлемдегі коронавирус инфекциясының күрделі ахуалын ескере отырып, азаматтарды карантин талаптарын жауапкершілікпен орын­дауға, вирусқа қарсы вакциналауға шақырамыз, – дейді облыстық санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау депар­таменті мамандары.

Ал 12 қаңтардағы жағдай бойынша  өңірлердегі эпиде­мио­­логиялық ахуалды бағалау матрицасында «қызыл» ай­мақта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау облысы тұрса, «сары» аймақта Қызылордадан бөлек Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау облыстары бар. Ақмола, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл» аймақта. 12 қаңтарда елде  коронавирус инфекциясын жұқтырған 4810 жағдай тіркелді. Осылайша індет жұқ­тырғандар саны 1004464 адамға жетті.

Денсаулық сақтау ми­нистрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елде «Омикрон» штамының анықталуына байланысты эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады.

– Оптимистік сценарий кезінде, ревакциналаумен 100 процент қамтып, алдын алу шараларын жаппай сақтағанда тәулігіне 17 мыңнан аса жағдай тіркеледі. Реалистік сценарийге сәйкес, ревакциналаумен 70 процент қамтылған жағдайда тәулігіне 25,5 мың науқас тіркелуі мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша, алдын алу шарасын сақтамай, ревакциналаумен 40 процент  қамтылғанда тәулігіне 40 мың жағдай тіркелуі мүмкін, – деді ол.

Мамандардың айтуынша,  ауруды ауыздықтаудың жал­ғыз жолы – вакциналау. Аймақ вакциналау көрсеткіші бойынша республикада алғашқы бес­тікте. Қазіргі кезде облыс тұрғындарының 92,4 проценті екпенің бірінші компонентін алса, 86,2 проценті толық кур­сынан өткен. Өңірде тұр­ғындарды иммундауға ар­нал­ған вакцина қоры жет­кілікті.

Облыстық санитариялық-эпиде­­­миологиялық бақылау депар­­та­менті мамандары әлем­дегі, елдегі күрделі эпиде­мио­логия­­лық ахуалды ескере отырып, азаматтарды карантин талап­­тарын жауапкершілікпен орындауға, індетке қарсы екпе алуға шақырады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<