Қызылордалық тұрғын жалаң қолмен қасқыр алды

1036

0

Жаңақорғанның тау беткейіндегі Жайылма ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашығымен де айналысады. Күнделікті тыныс-тіршілігі төрт түлікпен қабысып жатқан олар малдың жайына елеңдеп отырады. Биыл тау жақта малдарды қасқыр тартып кетіп жатыр дегенді олардың құлағы жиі шалатын болды. Сол ауылда тұратын Аязби Фазылов мотоциклімен жолға шықты. Мақсаты – таудағы жайылымда жүрген жылқылардың жай-күйін білу. Қасында Жұмағали есімді танысы бар.


Екеуі қара жолмен тауды бетке алып келеді. Бұралаң жол діттеген жерге жеткізер емес. Осы сәттерде жыңғылдың түбінен қасқырдың қаша жөнелгенін көздері шалып қалды. Мотоциклді дереу солай қарай бұрды. Әккі жануар жеткізер емес. Екі адам мотоциклге ауырлық еткендей болды. Әрі қарай Аязбидің өзі көлігімен қасқырдың артынан қуалай түсті. Он шақырымдай жер артта қалды-ау деймін. Бір мезетте қасқыр бұған айбат шегіп, қасқайып қарсы тұрғанын байқады.


Енді ұрыс та тұрыс жоқ екені белгілі. Аязби онымен арпалыса кетті. Түз тағысы емес пе, қасқырдың да бұған берісетін түрі жоқ. Айналада жан баласы көзге көрінбейді. Жарты сағаттай уақыт өтті шамамен. Қасқыр Аязбиге қарай атылған сәтте оны басынан таспен ұрып үлгерді. Қатты соққыдан түз тағысы есінен танып қалды. Оны тұмсығынан байлап тастады. Мотоциклдің артына байлап, қайта жолға шықты. Жолай есін жиғанмен қасқырдың бұрынғыдай қауқар көрсетуге шамасы келген жоқ. Түз тағысы қасқырдың қаншығы екен.
– Жолай малдың жайын жасап жүрген қойшыларға соқтым. Олар биыл түз тағысының көбейіп кеткенін айтты. Қасқырлар жылқыларды да жемтігіне айналдырып алған екен. Өзімнің түз тағысымен алғаш рет бетпе-бет келуім бұл. Қолыма мылтық алып шыққан кезім болды талай мәрте. Бірақ, жолымда қасқыр кездескен емес, – деді ол.


Аязби иттердің байлауға түз тағысына беттеп келе алмағанын байқайды. Елдің ауызында «Иттің сырттаны ғана қасқырды алады» деген сөздің растығына тағы бір мәрте көзін жеткізді.

Әділжан Үмбет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<