Шешуші сәтке санаулы күн қалды

607

0

Бейсенбіде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қызылордада болды. Ол қалалық мәслихат ғимаратында 19 наурызда тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу мәселелері бойынша ұйымдастырылған орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің көшпелі семинар-кеңесіне қатысты. Жиынға сонымен қатар ОСК хатшысы Мұхтар Ерман, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, төраға хатшылығының меңгерушісі Айбек Жекенов және аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, сайлауды ақпараттандыратын БАҚ өкілдері, мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлері мен ОБСЕ өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесті ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров ашып, жиынның мақсатымен таныстырып, бұл жолғы сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.

– Елімізде үлкен дода өткелі отыр. Былтырғы 5 маусымдағы референдумға баршамыз қатыстық. Сол конституциялық реформа аясында Президент сайлауын өткіздік, Сенат жаңғырды. Енді міне, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар жаңарғалы тұр. Жаңа саяси электоралдық сайлау жүйесінің арқасында жаңа адамдар келеді. Мажоритарлық жүйенің енгізілуі – үлкен жаңалық. Додаға шыққан адамдардың саны да, қатысушылардың тәжірибесі, білімі, олардың тұлғалық ерекшелігі, жастары да әртүрлі. Сайлауға тіркеуден өткен 7 республикалық саяси партия қатысуда. Мажоритарлық жүйемен Мәжіліске, мәслихатқа баруға ниеттілер арасында  күрес қызу жүруде. ОСК мәліметі бойынша, 7 саяси партиядан 281 кандидат Мәжіліске партиялық тізіммен, ал кандидат мажаритарлық округтер бойынша   435 тіркелді. Ал мәслихаттарға 118 партиялық тізім енгізілді. Онда партиялардан 1447 кандидат тіркелді. Мажаритарлық округ бойынша 10283 кандидат бар. Жалпы тіркелген кандидаттар саны 12451 адам, – деді ОСК төрағасы.

Республика бойынша 10223 сайлау комиссиясы бар, 62 шетелде 77 сайлау учаскесі өз жұмысын бастап кетті. Ұлттық байқаушылар да аккредиттеуден өткен, 15 республикалық деңгейдегі ҮЕҰ-дан өтініш түсіп, 9-ы аккредиттелген. Өңірлік деңгейдегі ҮЕҰ-дан байқаушы болуға 259 өтініш келіп, 76-сы аккредиттеуден өткен. Біздің облыстан 27 ҮЕҰ-ның өтініші қанағаттандырылған.  Шетелдік байқаушылар да бар. Атап айтқанда, 9 халықаралық ұйымнан, 34 мемлекеттен  байқаушылар тіркелген.

Жиында онан әрі  облыстың саяси науқанға дайындық барысы сараланды. Бұл орайда сайлаушылар тізімі бойынша жергілікті атқарушы органның атқарып жатқан жұмысын, сайлауды ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов баяндады.

Қызылорда облысында барлығы 516 сайлау комиссиясы орналасқан. Олар қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, 1282 комиссия мүшесін оқыту үшін қаржы бөлінді. Облыстық сайлау комиссиясы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы  облыстық филиалымен бірлесіп 1-13 ақпан аралығында көшпелі оқыту-семинарларын өткізді.

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес облыстың сайлаушылар тізімі тұрғылықты жері бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорының негізінде жасалды. Сайлаушылар тізіміне азаматтар тиісті сайлау учаскелерінің шекарасындағы тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен  жазбаша өтініштері негізінде енгізілді. Келіп түскен өтініштер бойынша 1996 азамат сайлаушылар тізіміне енгізіліп, олардың тіркелген орны бойынша тізімнен шығару жұмысы ұйымдастырылды. Басқа аймақтардан келіп түскен хаттардың негізінде 5 903 азамат сайлаушылар тізімінен шығарылды. Нәтижесінде облыс бойынша сайлаушылар саны 486002 адамды құрады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалған.

373 сайлау учаскесінің 368-і немесе 98,7 пайызы республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Сондай-ақ, сайлаушыларға консультациялық көмек көрсету және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтар дауыс беру учаскесін нақтылау үшін 20 қаңтардан бастап 109 call-орталығы, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz) іске қосылды. Сервисте әрбір азамат жеке сәйкестендіру номерін (ЖСН) тере отырып, тіркелген сайлау учаскесі туралы мәліметті және сол сайлау учаскесінің қай мекен-жайда орналасқанын картадан онлайн көре алады. Сонымен қатар, telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімін тексеру мүмкіндіктері қарастырылған, – деді Ш.Байманов.

 Жиында сайлау науқаны барысында және дауыс беру күні мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың баяндамасы тыңдалды.

Жалпы облыс бойынша 32130 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның 20324-нің сайлауға қатысуға құқығы бар. Мүгедектігі бар адамдардың  жиі баратын нысандарына жататын ішінара бейімделген 2345 объект республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Оның ішінде 373 объект облыстық сайлау комиссиясының белгілеуімен сайлау учаскесі деп танылған.

–    Сайлау барысында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға инватакси шығады. Аталған қызметті атқаруға 34 автокөлік дайын (аудандарда – 18, Байқоңыр қаласында – 3, Қызылорда қаласында – 13). Оның ішінде 13 автокөлік кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген. Дауыс беру күні облыс бойынша 42 онлайн сурдоаудармашы  ымдау тілі қызметін көрсетеді. Бірінші топтағы жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде кресло-арбадағы және көзі нашар көретіндерге жеке көмекші қызметі көрсетіледі. Сайлау учаскелеріне кедергісіз келуі және дауыс беруіне барлық жағдайлар жасалады, – деді басқарма басшысы.

Семинар-кеңесте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов хабарлама жасады.

Оның айтуынша, қазір облыста сайлауды ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлау жөніндегі №21 бірмандатты округтік сайлау комиссиясы,1 қалалық, 7 аудандық, барлығы 9 аумақтық және 134 округтік, 373 учаскелік, яғни, барлығы 516 сайлау комиссиясы қызмет көрсетуде. Оған 3382 комиссия мүшесі тартылған. Ал облыс бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 522 кандидат тіркелген. Талапқа сай емес 5 азаматтың, партиялық тізімнен өз өтініші негізінде 1 адамның кандидаттығы алынған.

– Қазіргі кезде 516 кандидат тіркеуден өтті. Оның ішінде, ҚР Парламенті Мәжілісіне №21 округ бойынша 10 кандидат, облыстық мәслихатқа 16 округ бойынша 49 кандидат, қалалық мәслихаттарға 23 округ бойынша 81 кандидат, аудандық мәслихаттарға 97 округ бойынша 311 кандидат тіркелді. Орташа алғанда бір мандатқа 3,3 адам тіркелді. Ең үлкен бәсекелестік 6 округте – Қызылорда қаласы мен Арал, Жаңақорған аудандарында 5 адамнан келеді. Тіркелген кандидаттардың ішінде 433-і – ер, 83-і – әйел. Ең жас кандидат 21 жаста, ең ересегі 66 жаста. Облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша 6 партиядан 16 мандатқа 65 кандидат тіркелді. Бүгінгі күнге дейін кандидаттардың 3305 сенім білдірген адамы тіркелді. Сайлаушылар саны 486002 адамды құрады. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен үлгіде сайлау бюллетеньдері басылуда. Бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде 3 күн бұрын және сайлаудан кемінде 1 күн бұрын 1% резервімен жеткізіледі, – деп атап өтті Ә. Ерсұлтанов.

Семинарда тақырыпқа байланысты өзге де баяндамалар тыңдалып, сұрақ-жауапқа кезек берілді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<