Су аз, егіннің қамы қалай болмақ?

1418

0

Облыста күріш егу науқаны сәуірдің ортасында басталады. Оған дайындық барысы қызу жүріп жатыр. Десе де, көңілді алаңдатып отырған жайлар жоқ емес. Былтырғы су тапшылығы биыл да қайталануы әбден мүмкін. Тығырықтан шығатын жол қандай? Әртараптандыру мәселесіне өз деңгейінде назар аударылды ма? Көп жылдан бері қозғалып жүрген күріштің жергілікті жаңа сортын шығару ісі қалай болды?  Таразылап, мамандар пікіріне жүгініп көрейік.

Судың сұрауы артып тұр

Кейінгі жылдары Сырдариядағы су деңгейі ділгір мәселеге айналды. Өзен бойында еліміздің шекарасына дейін қаншама су тоспасы орналасқан. Ендеше, олардың әрбірінде сұраныс ерекше. Сондықтан бұған келгенде көрші елдердегі суға байланысты ахуалға еріксіз назар аударамыз. Ал қазақ жеріндегі «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су рет­тегі­шінде 6,5 млрд текше метр су жиналған. Бұл Түркістан және Қы­зыл­орда облыстары егістіктеріне арналған. Сол себепті судың ағыл-тегіл емес екенін аңғару қиынға соға қоймас.

– Аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруға арнал­ған сызба дайындалды. Соған сәйкес біздің өңірдегі егістік алқаптарын толықтай қамтамасыз ету үшін 4,2 млрд текше метр судың қажеттігі есептеліп отыр. «Шардара» мен «Көксарайда» жинақталған су мөлшері былтырғыдан 294,6 млн текше метрге аз. Біз суды тиімді пайдалану жолын қарастырдық. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары әзір­лен­ген. Шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдар тазаланды. Насос қондырғылары жөнделді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, осындай жағ­дай­ларға байланысты суды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайтуға мән беріліп отыр. Атап айтқанда, күріш егісі биыл 84,4 мың гектарға жоспарланса, қалғанын өзге де дәнді, майлы және малазығындық дақылдар құрайды. Күріш көлемі кемігенмен, майлы және малазығындық дақылдар егісі артты.

Ауа райының күрт өзгеруі сал­да­рынан ерте егілетін дақылдарды орналастыру мерзімінен сәл кешікті. Дегенде, егіншілер жаңа жоңышқаны 4088, мақсары 755, жаздық бидайды 1618 гектарға орналастырды. Сон­дай-ақ, 9 мың гектардан астам ескі жоңышқа, 2,5 мың гектар күздік бидай тырмаланды.

Бүгінде егістікке қажетті тұқым толық қамтамасыз етілген. Ал ми­нералдық тыңайтқыштың 73 про­центі өңірге жеткізілсе, герби­цидтің алғашқы бөлігі қолда тұр. Техника және жанармай мәселесі де өз дең­гейінде шешілуде.

Әртараптандыру әрекетіміз қандай?

Жылма-жыл қайталанып жүрген су тапшылығы ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәсе­лесін күн тәртібіне өткір қойды.

Облыста инженерлік жүйеге келтірілген 250 мың гектардан астам жер бар. Оны аймақтың алтын қоры дейміз. Қарапайым диқан қауымының алдындағы негізгі міндет – сол бағалы байлықты тиімді пайдалану. Алтын қорды сақтап қалудың негізгі жолының бірі ретінде күріш шаруашылығы айтылып жатады. Себебі, бұл дақыл жердің тұзданып кетуіне жол бермейді.

– Кейбір азаматтар тарапынан оған байланысты түсінбеушілік бар. Күріш егісін қысқарту арқылы су тапшылығын шешуге болады деген пікірді көл­денең тартады. Аграрлық салада ауыспалы егіс тәртібі бар. Мәселен, күріш егілген алқапты тиісті кезеңде жоңышқа алмастырады. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін сақ­тау­дың жолы қарастырылған. Ал мұн­дай заңдылық сақталмаған жерде алқап тұзданып, тозуға көшеді. Сон­дықтан бұл мәселеге келгенде ұшқары ойлаған дұрыс емес, – дейді Шахмардан Қойшыбаев.

Биыл облыста әртараптандыру бағытында біршама жұмыс жасалады. Өңірде сынақтан өткізілген соя 98, қант құмайы 40 гектарға егіледі. Сондай-ақ, жеміс-жидек және жүзім 66 гектарға отырғызылады деп межеленген. Айта кетерлігі, аталған дақылдар өз тиімділігін көрсетті. Қант құмайының біздің өңірге өте қолайлы екені анықталды. Топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Негізінен Африкада өсетін дақыл суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды.

Ескерерлік нәрсе, әлемде соя да­қы­лына сұраныс өте жоғары. Қазақ­станмен шекаралас Қытай бұл дақылды көп тұтынатын мемлекеттер қатарында тұр. Оны сонау Аргентинадан ұшақ арқылы алдырады.

Қысқасы, әртараптандыру ба­ғы­тында тың серпіліс бар. Десе де, қолға алынатын жұмыстар аз емес. Қайсыбір дақылды кең көлемде егу үшін оған қажетті техника қолда болғаны дұрыс. Әзірге ауылдағы ағайынның қолын байлап отырған нәрсенің бірі – осы. Сонымен қатар, жаңа дақылдарды егу мол тәжірибені қажет етеді. Оған қоса егіншілер бұрыннан қыр-сырына қанық дақылдар көлемін арттыру назардан тыс қалмайды. Сондықтан бұған байланысты нақты жобалар жасау керек.

Күріш сорттары өндіріске енгізілді

Ұзақ жылдар бойы аймақта жергілікті күріш сорты жаңарған жоқ. Бұл өңірдің аграрлық саласына елеулі қиындық алып келді. Оның сапасына байланысты сын кө­бейді. Көршілес елдерден жаңа сорт­тар алып келуге көңіл бөлінді. Дегенмен, бұл қолайлы жол емес. Осы бағытта Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары бірнеше жыл бойы тиянақты ізденіс жасап, жергілікті климатқа, табиғат жағдайына, топырағына және өзге де талаптарға толықтай сай келетін сорттарды шығарды. Бұл бірнеше жылға созылатын ұзақ процесс екені белгілі. Ендігі кезекте жаңа сорттар өндіріске толықтай енгізіліп, оны жергілікті диқандардың кең көлемде егуіне жол ашылды.

– Әдетте, күріштің пісіп-жетілу мерзімі 115-120 күнге жуықтайды. Әрине, бұл өнімді жинау барысында біраз қиындық алып келетіні даусыз. Сондықтан институт ғалымдары пісіп-жетілу мерзімі қысқа күріш сорттарын шығару барысында тындырымды ізденістер жасады. Нәтижесінде «Сыр сұлуы» және «АйКерім» сын­ды сорттар тиімділігін көрсетті. Кейінгі жылдарда «Сыр сұлуы» өңірдегі бірнеше шаруашылықта егілді. Ол 110 күннің шамасында толықтай пісіп-жетілді. Масақтағы дән саны 120-140 данаға жуық. Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы мол өнімге негіз қалап, аталған сорттың тиімділігіне көз жеткізді. Тіпті, одан жиналған өнім экспортқа шығарылып, өзге елдердегі тұтынушылар тарапынан оң бағасын алды. Ал «АйКерім» сорты облыстың оңтүстігіндегі шаруашылықтарда егі­лді. Ол да егіншілер тарапынан ба­ғаланып, сұраныс артып отыр. Бізде олардың тұқым қоры бар, – дейді институттың басшысы Нұрбол Аппазов.

Институт ғалымдары күріш жә­не өзге де дақыл сорттарын сы­нақ­тан өткізуге кіріскелі отыр. Олар­дың қатарында күріштің «Казер-6», «Сәлима-1», «Байқоңыр», арпа­ның «Сыр аруы», «Іңкәр», «Алтын арай», бидайдың «Зарина», түйе­жо­ңышқаның «Алаула» және жоңыш­қаның «Түркістан-15» сорттары бар. 

Әрбір бастаманы тиісті мақсатқа жеткізу және ол жолда табанды еңбек ету нәтиже әкеледі. Десе де, әртараптандыру мәселесінде әлі көп шаруа бар. Ғылым мен өндірістің үйлесімі нарықтық талаптарға сай іс-әрекет, ең бастысы, халықтың еңбекке деген құлшынысы әрі оны мемлекеттік қолдау, осының бәрі біздің бүгінгі қарекетіміздің бет-бейнесін ашып беріп отыр. Шын мәнінде, аграрлық саланың қаншалықты құнды екені кейінгі жылдарда анық сезілді.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<