Судың жайы һәм диқан еңбегі

557

0

Осы аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Арал және Жалағаш аудандарында жұмыс сапарымен болды. Онда Сырдария өзенінің бойындағы су тоспалары, каналдар және егін алқаптары назарға алынды.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов дария суын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар барысымен таныстырды. Мәселен, «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі «Аспай» су ағытқысы жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде «Қамыстыбас», «Ақшатау» көлдер жүйесіне толықтай су жеткізуге мүмкіндік жасалды.

Сапар барысында С.Қожаниязов «Мырзас» су тоспасының құрылысын жүргізу үшін жоспарланған аумақты көрді. Сондай-ақ, жөндеу жүргізіліп жатқан «Қулы» каналындағы жұмыс пысықталды. Каналды тазалау жұмыстары басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Жақын күндері мұнда су көлемін реттейтін шлюз орнатылады. Мамандармен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары аталған каналдың шабындық алқаптарды суландыу үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осы орайда мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмысын сапалы орындау қажеттігін тапсырды.

Одан кейінгі кезекте «Ақлақ» су тоспасы мен «Көкарал» бөгетінің жағдайы мен су деңгейі таразыланды. Сол аумаққа жақын орналасқан Қаратерең және Бөген ауылдық округтері ардагерлерімен теңіз маңындағы елді мекендердің өзекті мәселелері жөнінде ой бөлісті. Қаратереңдік қариялар мал жайылымы мен шабындық алқаптарға мол су баруы үшін «Құйылыс» қорғаныс бөгетін көтеріп, шлюз салу қажет екендігін айтты. Ал бөгендік тұрғындар жол мәселесі шешімін тапса деген ойда.

Сапар барысында С.Қожаниязов Аманөткел ауылдық округі аймағындағы «Аралтұз» акционерлік қоғамы және «Camel Pro» шаруа қожалығының егістік алқаптарында болды.

«Аралтұз» АҚ көктемнен  бастап мал азығына орай жоңышқа еккен. Қазір егінге орақ түсетін күн жақын. Ал, «Camel Pro» шаруа қожалығы Түркиядан жоңышқаның өзге түрін алдырып, суды үнемдеу мақсатында жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда. Қазіргі таңда 85 гектар аумаққа күздік жоңышқа егілуде.

Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Жалағаш ауданында Мақпалкөл елді мекеніндегі шаруа қожалықтарында болды.

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов аудан бойынша егін шаруашылығының бүгінгі жайын айтып берді. Әліби Бекжанов өзі басшылық жасайтын «Ер Әлі», «Құрманбай ата» шаруа қожалықтары жайында баяндады.

Бүгінде «Ер Әлі» шаруа қожалығы 31 гектардан астам жерге картоп, сәбіз, қызылша өнімдерін еккен. Ал, «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағында 5 түрлі алма сорты егілген. Алынған өнімдер Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларына сатылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<