Сын артында сұрау бар

575

0

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жиында коммуналдық мекемелерде қордаланған қарыздарды жою және алдағы жылу маусымына дайындық барысы талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов төрағалық жасады.

Алдымен аталған мекеме басшыларының саладағы  қалыптасқан жағдайды шешу мақсатында атқарып жатқан жұмысы сараланды.

Қазір  «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнына «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Қызылорда Су жүйесі» және «Энергосервис», «Дәулетэнерго» серіктестіктерінің берешегі 725 млн теңгеге көбейген.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары сала басшыларының сылбыр әрекетін қатаң сынға алып, жұмысты күшейту қажеттігін ескертті. Айта кетерлігі, жыл басынан бері коммуналдық мекемелер арасындағы қарыз өсіп кеткен.

Облыс әкімінің орынбасары аталған берешектерді өтеуге жауапкершілікпен қарап, оны жедел шешу, алдағы жылу беру маусымына үлкен дайындықпен кірісу керектігін жеткізді.

– Алдымызда жылу беру маусымын бірқалыпты өткізу міндеті тұр. Сондықтан жылдың маңызды кезеңінің тұрақты өтуі барлығымызға сын. Әсіресе, нақты нысан бойынша жауапты басшыларға қойылар талап үлкен, – деді М.Жайымбетов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<