«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері

901

0

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігі айтылған болатын. Осыған орай жобалары үздік деп танылған бірқатар жас мамандар грант иегері атанды. Олардың қатарында жерлесіміз, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айсана Намурадин де бар. Ол «Медиа» бағыты бойынша 3 млн теңге грант иеленді.

Марапатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада табыстады.

– Тәуелсіздік ұрпақтары – шын мәнінде жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі. Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп-жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы толқыны ер жетіп, ел ісіне араласа бастады, – деді Президент.

Айта кетейік, еліміздің 14-29 жас аралығындағы азаматтарына арналған грант өз мақсатына сәйкес белсенді, шығармашыл жастардың жобаларын, бастамаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, сондай-ақ, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу бағытында жастарды оқыту үшін пайдалануға берілді.

Айсана Намурадин М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжді, одан соң Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітіріп, 2016 жылы өзі білім алған мектепке мұғалім болып орналасты. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ағылшын тілін үйренуге құштар болатын. Өйткені ағылшын тілі – халықаралық тіл, оны білу арқылы кез келген адамға әлемдік ақпараттармен еркін танысуға мүмкіндік бар. Сондықтан ол осы тілді терең меңгеріп, шәкірттер тәрбиелеуді мақсат етті.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан марапат алу – мен үшін естен кетпес ерекше оқиға болды. Атап айтқанда, жастар арасында жаңа медиа-жобалар құру және шығармашыл жастардың идеяларын, ғылыми зерттеулерін жүзеге асыру бағытында ұсынған жобам қолдау тауып, 3 млн теңге көлемінде грант иелендім. Бұл марапатты алуыма өзім еңбек етіп жүрген ұжымның қолдауы,   сондай-ақ, білікті де тәжірибелі ұстаздардың маған артқан жауапкершілігі мен сенімі қанат бітірді. Алдағы уақытта жобаны өз деңгейінде жүзеге асырып,  заманның жаңаша талаптарына сай жастардың ғылымға деген ықыласы мен ықпалын арттыра түсетін боламыз, – дейді ол.

Айсана Намурадин бұған дейін де «Біргеміз сабақтастық бағыты» республикалық жобасының 300000 теңге, ҮЕҰ-дың ұйымдастыруымен өткен аз қамтылған отбасындағы балаларға ағылшын тілін тегін үйрету мақсатындағы жобаның 500000 теңге гранттарын иеленген болатын. Айта кетейік, ол еңбек ететін Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей көп жылдан бері орташа білім көрсеткішімен облыста ғана емес, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Грант иегерін аудан әкімі Асылбек Шәменов қабылдап, құрмет көрсетті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<