Татулықты ту еткен шеру

459

0

«Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі Сыр өңіріне табан тіреді. Мәртебелі қонақтарды «Сыр әжелері» ансамблі қазақы дәстүрмен шашу шашып күтіп алды. Осы орайда облыс орталығындағы «Достық үйінде» «Еуропа-Азия» бейбітшілік және келісім шеруі» атты іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға қатысушылар Сыр өңірінен табылған археологиялық құнды жәдігерлер көрмесімен және «Қызылорда: кеше, бүгін» тақырыбындағы фотокөрмемен танысты. Мұнан соң «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім маршының делегаттары мен жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы Қоғамдық келісім КММ директоры Бақытжан Камалов сөз алды.

– Еліміздің 16 қаласы мен шекаралас 3 елде өтетін бұл шерудің басты мақсаты – бірлік туын желбірету. Қазақстан халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – еліміздің ең басты байлығы. Осы тұрғыда, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген бұл шерудің рөлі ерекше, – деді ол.

Өз кезегінде «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің атқарушы директоры Руслан Абдуллин Сыр өңірінің ыстық ықыласы мен қонақжайлығына ризашылығын білдірді.

– Бұл шеру саясат пен діни ұрансыз өтеді және мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Өйткені, шеруді барша халық ұйымдастырып, қаржылай қолдау білдіріп отыр. Бірақ ұйымдастыру ісі мемлекеттің көмегімен іске асты. Кез келген қоғамдық істің жүзеге асуында мемлекет тарапынан қолдау өте маңызды. Сол үшін бізге көмек қолын созған жандарға алғыс айтамын, – деді Р.Абдуллин.

Шерудің Қырғыз Республикасындағы жетекшісі Мээрим Эсеналиева іс-шараның жоғары деңгейде өтуі үшін өз еліндегі мемлекеттік ұйымдарда жан-жақты қолдау көрсеткенін алға тартты. Оның айтуынша, адамның бақытты болуы ұлттың тілі мен дініне, дәстүріне қарамайды. Ең маңыздысы, әрбір адамның жүрегі бейбітшілік деп соқса болды.

Шеруге қатысушы Динара Әкімбекова да ұлт пен дінге бөлінбей, ынтымақта, ұйымшылдықта өмір сүруге шақырды.  Сондай-ақ, барша халық бір үйдің баласындай бірлікте өмір сүргенін қалайтынын және бейбітшілік пен татулықты дәріптеу үшін шеруді ұйымдастыруға атсалысқанын айтты.

Бірлік пен ынтымақты сақтаудың жарқын үлгісін паш еткен ауқымды іс-шарада өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері ән шырқап, би биледі. Мұнан соң халықтар достығын арттырып, татулықты насихаттауды мақсат еткен шеру Қармақшы ауданына жол тартты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<