Үздік педагогтар тәжірибе бөлісті

548

0

Жақында Сыр елінің ұстаздары Астана қаласында өткен «Үздік педагог-2022» республикалық байқауында жеңіпаз атанды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 123 педагогтың арасынан топ жарған сырбойылық 4 ұстазға ҚР Оқу ағарту министрі Асхат Аймағанбетов «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, 3 миллион теңгенің сертификатымен марапаттады. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үздік атанған қызылордалық ұстаздар барша Сыр жұртшылығына алғыстарын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Мен 17 жылдан бері Жалағаш ауданы №123 мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалім болып қызмет атқарып келемін. Жақында Елорда төрінде өткен республикалық «Үздік педагог-2022» байқауына қатысу мүмкіндігі туды. Биылғы байқаудың ерекшелігі – әр аймақтан жиналған ұстаздар Астана қаласындағы мектептердің бірінде ашық сабақ өткізіп, тың әдістерімен бөліседі. Әрине, өзіміз танымайтын ортада сабақ беру сәл қиындық тудырса да, оқушылармен қызықты дәріс өткіздік. Сабақ аяқталғаннан кейін әділ қазы алқалары барлық сабақ құрылымына өте жақсы деген баға берді. Осы уақытқа дейін оқушыларым да республикалық, облыстық, ауданаралық жарыстарда жүлделі орындармен марапатталып келеді. Сол тәжірбиемнің арқасында республикалық байқауда өзім де «үздік педагог» атандым деп ойлаймын, – деді Жалағаш ауданы №123 мектебінің мұғалімі Салтанат Қосжанова.

– Мен 20 жылдан астам білім саласында еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында география пәнінен сабақ беремін. Елордада өткен республикалық байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Онда еліміздің әр аймағынан келген педагогтармен етене жақын танысып, мол тәжірбие алмасып, еркін пікірлестік. Бұл байқауда білім саласында қажырлы еңбек еткен ұстаздардан бөлек, балабақшада бала тәрбиесіне айрықша үлес қосып жүрген тәрбиешілерде қатысты. Сол үздіктердің арасында сырбойылық 4 ұстаз марапат төрінен көріндік. Еңбегіміздің жоғары дәрежеде бағаланғанына сеп болған барша жандарға алғысымыз шексіз, – деді №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Ләззат Құлымбетова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<