Ұлттық мереке игі бастамаларға ұласады

560

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі аясында облыс көлемінде өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралар туралы айтылды.

– Ұлытау төріндегі Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы 2009 жылға дейін ресми даталы күндер қатарында мерекеленіп, халықтың қолдауына ие болған 25 қазан – Республика күнінің мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысын Парламент депутаттары да қолдап, ұлттық мереке мәртебесі айқындалды. Облыста мыңға жуық мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде негізгі және кешенді 108 іс-шара қамтылған. Басты мерекелік салтанат 22 қазан күні Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық академиялық драма театрында өтеді, – деді Н.Сақтағанов.

Ұлттық мереке аясында облыс аумағында бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар ашылады. Атап айтқанда, «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің бастамасымен, демеушілердің қолдауымен салынып жатқан 80 ойын алаңының 67-сі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, қаладағы қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін қалалық автобус паркі 40 жаңа көлікпен толықтырылады.

Қала орталығында 300 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, Таң ауылында дәрігерлік емхана, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекенінде  денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.

Негізінен, ұлттық мереке  – Республика күнін атап өтуге бес бағытты қамтитын қоғамдық мәдени ауқымды іс-шара жоспары әзірленген. Айталық, мерекеде ресми шаралармен бірге, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауға арналған мәдени бұқаралық іс-шаралар, қайырымдылық, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акциялар ұйымдастырылады.

– Бірінші бағыт – ресми шаралар. Онда барлық жергілікті атқарушы органдар мен мекемелерде салтанатты жиындар өткізіліп, әр салада еңбек сіңірген қызметкерлер мен еңбек ардагерлері және төтенше жағдай кезінде ерлік көрсеткен азаматтар марапатталады. Екінші бағыт – елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау, бұл мақсатта ғылыми конференциялар, шығармашылық кештер, фестивальдар, форумдар, «дөңгелек үстелдер» мен танымдық кездесулер, ашық сұхбат алаңдары, тақырыптық лекциялар өткізіледі. Үшінші бағыт – мәдени-бұқаралық іс-шаралар. Аймақта 20 қазаннан бастап барлық орталық алаңдар мен саябақтарда мерекенің бүкілхалықтық атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жаппай серуендер, көрмелер, экспозициялар, мерекелік концерттер, отшашулар және басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді. Төртінші бағыт – қайырымдылық және қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық акциялар. Бұл мерекенің әлеуметтік сипатының бір көрінісі – ел азаматтарының мұқтаж адамдарға өтеусіз көмек көрсетуге мүмкіндігі бар екенін сезіндіру. Ал бесінші бағыт бойынша мерекені көрнекі безендіруге және ақпараттық сүйемелдеуге ерекше мән беріледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<