Ұлы әншіні ұлықтау шаралары шымылдық ашты

865

0

Биыл ұлт тарихында аты қалған ұлыларымыздың бірі – Сыр перзенті, аты аңызға айналған әнші, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды.

Көмейіне бұлбұл ұя салған әнші Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ән салып, жауды жеңуге өнерімен үлес қосып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ол – өз заманында Америка құрама штаттарын, бүкіл Еуропаны аралап, концерт берген бірден-бір өнер адамы. Мысалы, елуінші жылдардың өзінде гастрольдік сапармен – Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канада сынды елдерде болған. Тіпті Елизавета патшайымның алдында ән шырқаған. Үш рет Сталиннің жеке қабылдауында болған. Сұлулығы сахнаны сәнге бөлеп, ерекше дауысымен, ұлттық нақыштағы киімімен барша тыңдарманын таңырқатқан.

Әлемге ұлтының атын, дарынын, дәстүрін қатар танытқан.

Осы атаулы күнге орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдік дәрежеде бірқатар мәдени шаралардың атқарылатынын арнайы атап айтқан болатын.

Бұл жөнінде Президент өзінің Twitter парақшасында: «Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», – деп жазды.

Роза Бағланова есімін ұлықтау шаралары қаңтар оқиғасына қатысты кешеуілдеп қалған еді.

Бұл мерейтой мерекесі наурыз айының шуақты күндерімен қатар басталды. Елордада Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты салтанатты концерт өтті.

Концертте Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Ғайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Рухия Байдүкенова, Жанэт (Беларусь), Хулкар Абдуллаева (Өзбекстан), Мирбек Атабеков (Қырғызстан) және өзге де танымал артистер өнер көрсетті. Сонымен бірге даңқты тұлғаның немересі, он жасар Үрбибі Бағланова да сахнаға шықты.

Роза Бағланованың азан шақырылып қойған негізгі есімі  Үрбибі болған. Сондай-ақ концертке әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, аңыз әншімен бірге 24 жыл етене қызмет еткен продюсер Қуаныш Әбдіқалымов та келді.

Концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті. Әнші мерейтойының Париж төрінде де тойланатынын жеткізді. Концерт соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сахнаға ұлы әншінің рухына тағзым ретінде арнайы ықылас гүлі қойылды.

Алдағы күндерде қазақтың қаһарман қызы Р.Бағлановаға арналған мәдени іс-шаралар Сыр елінде де салтанат құратын болады.

Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілген. Сондай-ақ, облыс орталығында да Р.Бағланова атындағы көше бар.

Қызылорда қаласының нақ төрінен әлі ашылуын күтіп тұрған ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіш атақты тұлғаны ұмыттырмайтын еңсесімен биік, бұл ескерткіштің ұрпаққа рух беріп, олардың отаншылдық сүйіспеншілігін арттыратын бейнесімен асқақ болары анық.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<